ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұялы байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгертулер енгізді. Енді мобильді операторлар абоненттергеөзге тарифтік жоспарлармен қатар, төлем бір күнтізбелік айға жасалатын тарифтік жоспарды да ұсынуы тиіс, деп хабарлайды zakon.kz ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сілтеме жасап.
Енгізілген өзгертулердің арқасында абоненттер тарифтік жоспарлардың ішінен өзіне қажетін таңдай отырып, оны толық бір ай пайдалана алады.
Мысалы, егер абонент тарифтік жоспарға айдың соңғы күні қосылса оның жеке шотынан байланыс қызметі үшін төлем келесі айдың соңғы күні шегеріледі.
Сонымен қатар, аталған тарифтік жоспардағы қызметтер көлемі аяқталғаннан кейін оператор абоненттің келісімінсіз қызметтің қосымша көлемі үшін ақы ала алмайды.
Мұнымен қоса, ережеге "базалық тарифтік жоспар" ұғымы енгізілді. Бұл тариф абоненттік төлемді талап етпейді, тек нақты пайдаланған минут немесе SMS санына ғана төлем жасай отырып, қоңырау шалуға және SMS жіберуге мүмкіндік береді.
"Базалық тарифтік жоспар" абонент нөмірді басқа ұялы байланыс операторының желісіне ауыстырғанда (MNP қызметі), жаңа тарифтік жоспарды таңдап үлгермегенде, сондай-ақ қолданыстағы тарифтік жоспар әрекет етуін тоқтатқан жағдайда қосылады.
Бұған дейін ұялы байланыс операторы абонентте қандай да бір тарифтік жоспар болмаса, оны өздері абоненттің келісімінсіз кез-келген тарифтік жоспарға қоса алатын.
Байланыс операторлары "базалық тарифтік жоспарға" өзгерісті жылына бір рет қана енгізе алады жәнебұл туралы ол абонентті нақты өзгерістерге дейін күнтізбелік отыз күн бұрын хабардар етуге міндетті.