Алматыдағы блок-бекеттегі жол апаты кезінде жарақат алған үшінші полиция қызметкері Ерболат Сейдәзімнің жағдайы ауыр. Оған ота жасалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Науқастың жағдайы тұрақты. Бүгін миы тағы томографияға түсірілді. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған науқас терапия бөлімінде ем-дом алып жатыр, - деді №7 аурухананың нейротравматология бөлімінің меңгерушісі Ильдар Курмаев.
Оған диагноз қойылды: мидың қатты контузиясы, бастың желке тұсына қан кетуі, желке тұстағы бас сүйектің сынуы, сол жақ бет сүйегінің сынуы, басының, бетінің, белінің және аяқтың жұмсақ тіндерінің жарақаты.
Нейрохирургтер кеңес өткізіп, полицияға ота жасалды. Ауруханада блок-бекетте ойран салған жүргізуші де жатыр. Бұл туралы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады. Бірақ полиция оның қамауда екенін айтты. Оған қатысты "Адам өлтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
25 мамырда таңертең № 4 блок-бекетте БМВ-дің мас жүргізушісі алдымен темір қоршауға соқтығысып, содан кейін ұшып, полиция көлігін соққан. Онда екі полиция қызметкері отырған. 42 жастағы полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев оқиға орнында қайтыс болды. Оның әріптесі, полиция сержанты Дастан Абдықанов ауруханада есін жимастан көз жұмды. Үшінші полиция қызметкерінің есімі - Ербұлан Сейдәзім. Полиция аға лейтенанты қазір №7 қалалық клиникалық ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Оқыс оқиға болған кезде ол планшетпен жол бойында бекеттен өтуші көліктерді базадан тексеріп тұрған. Ал екі полиция қызметкерінің қаза табуына себепкер мас жүргізуші А. бұрын органда жұмыс істеген, бірақ өз міндеттеріне немқұрайлы қарағаны үшін жұмыстан шығарылғаны белгілі болды.