Аптап ыстық елді әбігерге салып жатыр

Ел тұрғындарының есін шығарған қапырық әлі апта соңына дейін сақталады.

Бірнеше күнге созылған аптап ыстық халықтың есін шығарды. Оңтүстікте сынап бағанасы +40-қа дейін жетсе, қалған өңірлерде бұл көрсеткіш бір-екі градусқа ғана төмен. Салдарынан карантин деп, екі ай төрт қабырғаға қамалған жұртты енді үйінде ұстау қиын. Дәрігерлер дабыл қағып жатыр. Қатты ыстықтан бастарына күн өтіп, ауруханаға түсіп жатқандардың қатары сағат сайын артып барады.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бас қаламыздың бас саябағы. Қазір сынап бағанасы +35 градусты көрсетуде. Күннен қорғанбай жүру мүмкін емес. Бастағы бас киім де, ағаштардың көлеңкесі де мүлдем көмектеспейді. Сондықтан елордалықтар су бұрқақтарының қасына келіп, ыстықтарын басуда.

Қапырыққа қарамастан жасы да, жасамысы да сыртта жүр. Түсінуге болады. Көктемді қойшы, шіліңгір шілденің өзінде бас қаламызда мұндай ыстық жылда бола бермейді. Оған қоса, жұрт екі ай карантинде жатты.

Бетперде, антисептик, қолғап қайда? Дала күрт ысығалы, бұл сақтық шаралары мүлдем жайына қалды. Қазір жұрт вирустан емес, күннен қорғанудың қамына кіріскен. Көктемдегі аномалияға дәрігерлер де алаңдаулы. Соңғы үш күнде, ыстықта есінен танып, қан қысымы көтерілгендердің қатары күрт артыпты.

Бота Сәдетхан, қалалық жедел жәрдем станциясының диспетчерлік бөлімінің меңгерушісі:

"Көпшілік орындарда естен танып қалулар, қан қысымы көтерілгендер, созылмалы аурулары асқынған науқастар соңғы күндері көбейді. Егер де күн өтіп кетудің белгілері болса, онда дене қызуын түсіретін дәрілер беріп науқасқа, салқын жерге жатқызу керек. Көп мөлшерде сұйық су ішкізу керек".

Мұндай аптап ыстық қазір бас қаламызда ғана емес, еліміздің әр өңірінде байқалады. Салаға жауапты мамандардың сөзінше, ел тұрғындарының есін шығарған қапырық әлі апта соңына дейін сақталады.

Лаура Қанатова, қысқа мерзімге берілген болжамдар басқармасының жетекші инженер-синоптигі:

"Елордамызда жауынсыз ауа-райы әлі сақталады. Және де ертеңгі күні әлі ыстық ауа-райы күтілуде. Республикамыздың солтүстік өңірлерде орхангильск аймақтарынан келетін антициклонның әсерінен ыстықтық бәсеңдеуі күтілуде. Яғни ауа-температурасы төмендейді. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерінде әлі ыстық сақталады."

Еліміздегі аномалиядан тек дәрігерлер ғана емес, төтеншеліктер де дабыл қағып жатыр. Шомылу маусымы ашылмаса да, ыстыққа шыдас бермеген отандастарымыз көлге шомылуда. Өкініштісі, мұндай заңсыздықтың құны кей жерлестерімізге тым қымбат тиіп жатыр.

Владимир Беккер, ТЖ комитетінің төрағасы:

"Тек өткен демалыстарда ғана су айдындарына 9 адам батып кетті, олардың 2-уі бала. Өлім дерегі Алматы, Ақтөбе, Ақмола облыстарында тіркелген. Еліміздегі карантин режимі әлі де жалғасып жатқанына қарамастан осындай көрсеткіш болса, ары қарай не болады? Көз жұмған ересектердің дені мас күйінде болған. Шомылу маусымы әлі қашан ашылатыны белгісіз".

Алдын-ала болжам бойынша, шомылу маусымы тек, шілденің алғашқы аптасында ғана ашылуы мүмкін. Оның өзі әлі болжам ғана. Ал республика бойынша, аптап ыстық әлі бір аптаға созылатынын ескерсек, төтеншіліктер мен дәрігерлердің алаңдауына себеп әлі де бар тәрізді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: