Қазақстан Doing Business халықаралық рейтингісінде 25 орынды иектеді. Бұл туралы халықпен есеп беру кездесуінде ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Даленов мәлімдеді, деп хабарлайды zakon.kz.
Doing Business халықаралық рейтингі Қазақстандағы бизнес-ортаны жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға берді. Бүгінгі таңда Қазақстан рейтингте 25 орында тұр. Бұл орынды сақтау және оны жақсарту біз үшін өте маңызды. Біз мұны құр рейтинг үшін жасамаймыз. Жоғары позицияны сақтау кәсіпкерлікті дамытуда ел заңнамасын үнемі жетілдіру дегенді білдіреді, - деді министр.
Рейтингте Қазақстанның жоғарлауына түрткі индикаторлар - келісімшарттардың орындалуы (4-орын), миноритарлық инвесторларды қорғау (7-орын) және кәсіпорындарды тіркеу (22-орын) болып табылады.
Сонымен бірге бізге әлі де халықаралық сауданың бағытын жақсартуға (105 орын), электрмен жабдықтау жүйесіне (67 орын) қосылу, төлем қабілеттілігі мәселесін шешу (42 орын) талап етіледі. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде, - деді ол.