Бұл туралы білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мәлім етті.
Оның сөзінше, білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар ұйымдар бұдан былай edu.kz доменінде болуға тиіс.
"Дүниежүзі елдері тәжірибесіне сүйеніп, жоғары оқу орындары, колледждер және мектептердің веб-сайттарына қойылатын жаңа талаптарды бекіттік. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында барлық аккредиттелген жоғары оқу орындары .edu доменінде. Гарвард университетінің сайтына кірсеңіз, доменіне қарап, оның осы оқу орнына тиесілі екенін бірден байқайсыз. Өйткені, осыған ұқсас жалған сайт жасалуы да мүмкін. Біздің елде де цифрландыру жүруде. Университет сайты арқылы әртүрлі сабақтарға жазылып, электронды қызмет алуға болады. Ал егер сайттар біркелкі болмаса, кейбір қызметтің абыройы төгілсе не істейміз? Сол себепті, лицензиясы бар ұйымдар edu.kz доменін алуға міндеттеледі", – деп Рүстем Биғари жаңа бұйрық шыққанын жариялады.
БҒМ өкілінің сөзінше, білім беру ұйымдарының осындай домен алуы азаматтарды алаяқтардың құрбаны болудан сақтамақ.
"edu.kz деп аяқталатын сайтқа кірсе, азаматтар оқу орнының білім беру лицензиясы бар екенін, мемлекеттің бақылауында тұрғанын түсінеді. Өйткені қазіргі кезде лицензиясы жоқ көптеген білім беру сайттары ашылуда. Олар диплом беретінін айтып, азаматтарды алдап та жатады. Құрметті азаматтар, егер білім беру мекемесінінің сайты edu.kz болмаса, демек оның лицензиясы жоқ", – деп ерекше тоқталды білім және ғылым вице-министрі.
Айта кетсек, Рүстем Биғари білім беру ұйымдарының edu.kz домендік атауына ауысуына жыл соңына дейін уақыт бар екенін әлеуметтегі парақшасында жариялады.