Ұйғыр ауданында полиция мен әскер толып жүр

"5 адам пышақ жарақатымен түсті": облыс басшылығы түнде төбелес шыққан Ұйғыр ауданына шұғыл аттанды.

Алматы облысында 5 жігіт пышақ жарақатымен ауруханаға түсті. Төбелес Ұйғыр ауданында болған. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жарақат алған жігіттердің үшеуі қазір аудандық ауруханада жатыр, деп хабарлайды zakon.kz azattyq-ruhy.kz-ке сілтеме жасап.

Жанжал Шонжы ауылының Шанхай шағынауданы мен Бахар ауылы жастарының арасында болған.

"Ол жерде 5 адам жанжалдасқан. Бахардың балалары шетінен спортшы. Сол бұрынғы Ақтан аулында басталған оқиға төбелеске себеп болған сияқты. Бірақ не үшін төбелескенін ұқпадым, кім-кімді соққыға жыққаны белгісіз. Қазір ол жақта полиция мен әскер толып жүр", - деді шонжылық тұрғын.

Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы аудандық ауруханаға 5 жігіт пышақ жарақатымен түскенін растады. Жаралы жігіттер түн ортасында жеткізілген. Ауыр жарақат алған екі тұрғынға шұғыл ота жасалыпты.

"15 маусым күні сағат 23:46-да 5 адам пышақ жарақатымен Ұйғыр аудандық ауруханасына түскен. 1999 жылы туған екі азаматқа ота жасалды. 2 адамға медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. 1 адам хирургия бөліміне жатқызылды. Қазіргі уақытта 3 адам аталған аурухананың хирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайлары тұрақты", - деді облыстық Денсаулық басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы орталықтан бір топ адам Ұйғыр ауданына шұғыл жолға шыққанын жеткізді. Істің мән-жайы анықталған соң, толықтырып ақпарат беретінін айтты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: