Оралда КВИ-дан көз жұмған алғашқы науқас ондай ауру барына сенбей, ауруханада шу шығарған

Марқұм Теңіз кенішінің ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшысы болыпты.

Оралда COVID-19-дан қайтыс болған алғашқы науқас бұл аурудың барына сенбеген. Жағдайы нашарласа да оны дәрігерлерден жасырып, үйінде емделген, тек ауа жетпей, өздігінен тыныстай алмай қалғанда ғана медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлайды zakon.kz.

Оралда коронавирустан қайтыс болған алғашқы науқас Теңіз кенішінің ауысыммен жұмыс істейтін жұмысшысы болыпты. Ол екі аптадан астам уақыт бойы аурудың белгілері жоқ науқастармен бірге жұқпалы аурулар ауруханасында карантинде болды.

"Ол ауруханада тәртіпсіздік жасаған науқастардың бірі болды. Естеріңізде болса, осы жылдың сәуір айында осындай оқиға болған еді. Ол симптомсыз ауру ретінде ауруханаға жатқызылған, сол кезде ол коронавирустың жоқ екенін айтып, өзін босқа жатқызып қойды деп шу шығарған. Емдеу мерзімі аяқталғаннан кейін, оның өтініші бойынша біз оны үйге карантинге жібердік. Оған дәрігерлер үнемі қоңырау шалып, жағдайын біліп тұрды. Бірақ ол қоңырау шалған дәрігерге дөрекілік танытып, дұрыс жауап бермеген, жағдайының нашарлағанын да дәрігерлерден жасырған. Науқастың денсаулығы туралы нақты жағдайды дәрігерлер оның отбасы мүшелері хабарласқан кезде бір-ақ білген. Ол ауруханаға денсаулығы орташа ауыр дәрежеде жеткізілді. Өкінішке орай, аурудың асқынуы басталып кеткен, сондықтан біз оны құтқара алмадық", - деді БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: