Қаржы министрлігі "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" қызықты заң жобасының тұжырымдамасын жария етті. Оған сәйкес, Қазақстанда тендер орнына "интернет дүкен" дегенді енгізу ұсынылады, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның түсіндіруінше, өткен жылдың 15 қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының, оның ішінде "Самұрық-Қазына" қорының бәсекелі емес тәсілдермен сатып алуын барынша қысқартуды, бұл рәсімдердің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етуді, сатып алудың бірыңғай ережелерін әзірлеуді, сондай-ақ квазисектордағы барлық тендер бойынша бірыңғай ақпараттық платформа енгізуді тапсырыпты. Жаңа заң Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындайды.
Ресми мәліметке сәйкес, квазисектор нарығының және мемлекеттік сатып алулардың жалпы көлемі шамамен 14 трлн теңгені құрайды. Осынау орасан зор нарық, депутаттар айтқандай, қазіргідей дағдарыс кезеңінде мыңдаған отандық кәсіпкер үшін "құтқару шеңберіне" айнала алар еді. Бірақ айналмады. Бұған мыңдаған бизнес нысанының банкрот жағдайына жетуі дәлел.
Ұлттық компаниялардың, холдингтердің және мемлекеттік меншіктегі кәсіпорындардың сатып алулары жемқорлық көзіне айналып кетті. Бүгінде көптеген сатып алулар еш байқаусыз, "бір көзден" алу жолымен жүзеге асырылады.
Бұдан Корея тәжірибесі құтқаруы ықтимал деген сенім бар. Жаңа заң жобасы да соған негізделген.
"Заң жобасында сатып алудың жаңа тәсілі – электрондық дүкенді енгізу қарастырылады. Бұл тәсілмен жылдық сатып алу құны 10 мың еселенген АЕК-тен (2020 жылы 27 миллион 780 мың теңгеден) аспайтын, электрондық каталогтағы біртекті тауарларға қатысты жүргізіледі. Электрондық каталогты веб-порталда тіркелген әлеуетті өнім жеткізушілер өз бетінше қалыптастырады. Бұл үшін олар ақпараттық форманы толтыруы керек", – дейді Қаржы министрлігі.
Ол кестеде тауардың көрсеткіштері, атап айтқанда, оның функционалдық, техникалық сипаттамалары, сапасы, эксплуатациялық ерекшеліктері, тауардың түрі, моделі, нысаналы мақсаты, тауарды монтаждау, баптау, тексеру және сынау шарттары, түсі, сондай-ақ саны, өндірісі, тауардың шығарылған жылы, кепілдік мерзімі және басқа да деректері көрініс табуы тиіс.
Бұл неге Google-ге ұқсас?
Сатып алуды ұйымдастыратын квазисектор компаниясы да жаңа веб-порталдағы форманы толтырып, өзіне қандай сипаттамаларға ие тауар керектігін көрсетеді. Осыдан кейін веб-портал Google іздеу жүйесі секілді автоматты түрде әлгі сипаттамаларға жауап беретін әлеуетті жеткізушілерді тауып береді. Осы тізімде талап етілетін көрсеткіштерге ұсынысы толық сәйкес келетін жеткізуші бар болып шықса және оның сұрайтын бағасы тиімді болса, онда ұйымдастырушы ол бизнес өкіліне сатып алу туралы өтініш жолдайды.
Осылайша, Қаржыминінің байламынша, "электрондық дүкен" сапа мен баға бойынша талапқа толық сай келетін тауарларды қысқа мерзімде сатып алуға мүмкіндік береді. Ендеше оны ендіру бюджет қаражатын үнемдеуі, тендер өткізу мерзімін азайтуы тиіс.
"Бастапқы кезеңде электрондық дүкенді тек тауарлар бойынша енгізу ұсынылады. Себебі, тауарлардың нақты сипатталған стандартты талаптары бар. Қызмет-жұмыстардың нақты стандарттары әзірленсе, бұл тәсілді соларға да таратуға болады", – делінген тұжырымдамада.
Құжатта мұның Оңтүстік Корея тәжірибесі екені айтылған.
"Кореяда мамандырылған орган – PPS атты мемлекеттік сатып алулардың орталық агенттігі жұмыс істейді. Агенттік Korea ON-line E-Procurement System (KONEPS) жүйесін басқарады және соған қызмет көрсетеді. KONEPS мүдделі барлық фирмаға интернет арқылы мемлекеттік сатып алуға онлайн қатысуға мүмкіндік береді. KONEPS-тің басты ерекшеліктерінің бірі – электрондық дүкен (On-lineShoppingMall) деп аталатын жүйесінің бар болуы. Ол интернеттегі ақпараттық сайт түрінде болып келеді. Онда шағын және орта кәсіпкерлік жасайтын тауарлардың тізімі көрсетілген. Аталған ресурстан сатып алуға болатын тауарлардың бағасы өте арзан. Бұған сатып алу рәсімінде туындайтын транзакциялық шығындардың жоқтығы себеп. Тапсырыс беруші меморган бір кликпен-ақ кез келген тауарды содан сатып ала береді", – дейді Қаржы министрлігі.
Бұл бағыттағы жұмыс бұрыннан жүргізілуде. Мысалы, 2016 жылғы 8 қарашада елордада осы ведомство өкілдері Оңтүстік Кореяның мемлекеттік сатып алулар қызметінің делегациясымен кездесіп, тендер саласында қарым-қатынас жасауға келісті. Жүздесу барысында біздің қаржыгерлер "Таң самалы елінің" KONEPS атты электрондық жүйесімен танысып, ерекшеліктерін зерделеген болатын. Сапар қорытындысында корейлер қазақстандық әріптестерімен мемлекеттік сатып алулар саласында ынтымақтасу туралы меморандумға қол қойып кетті.
Корейлер қулығы
KONEPS – Кореядағы барлық дерлік тендерлерді өткізудің "бірыңғай терезесі" болып табылады. Мемсатып алулардың барлық рәсімдері – сауда, контракт бекіту, жеткізілімге инспекция жасау және жеткізушіге ақысын төлеу дәл осы жүйе арқылы электронды форматта жүреді.
Жүйе арқылы корейлер елдегі баға тұрақтылығын да қамтамасыз етіп отыр. Себебі, өз тауарына неғұрлым жоғары баға белгілеген компания тізімнің соңына түсіп қалады және сатып алу үшін іздеуге ілікпейді. Одан меморгандар, ұлттық компаниялар, акционерлік қоғамдар, жергілікті билік органдары тіпті жылжымайтын мүлікті де сатып алатындықтан, Сеулде және басқа қалаларда баспананың, бизнес орталықтардағы коммерциялық кеңселердің құны қолжетімді болып қалуда.
Тапсырыс беруші KONEPS-ке тек саусақ таңбасы бойынша кіре алады. Тиісінше, солай кірген жауапты тұлғаның сатып алу рәсімін өткізудегі барлық іс-қимылы бақыланады.
Оңтүстік Корея әлемдік импорттаушылардың жаһандық ондығына кіреді және жыл сайын 406 миллиард доллардың тауарын сырттан импорттайды. Бұл елдің мемлекеттік тапсырыс нарығы шетелдік жеткізушілер үшін аса тартымды. Мысалы, аталған жүйе арқылы бір жылда ғана 100 миллиард доллар мемлекеттік контракт бекітілген.
Бірақ бұл жерде бір қулық бар: жергілікті өндірушілерді қолдау үшін KONEPS тек корей тілінде жүргізіледі, сайттың ағылшын не өзге халықаралық тілге аудармасы жоқ. Тендерге қатысқысы келетіндер де міндетті түрде бланкті корей тілінде толтырып, жүйеге тіркелуі керек. Егер үміткер компания барлық ережеге сай рәсімделген құжаттар ұсынбаса, тендерге қатыстырылмай тасталады. Неге тендерге жіберуден бас тартқанын жауапты агенттік түсіндірмейді. Келтірілген материалдық шығынды өтемейді.
Егер сіздің өтінішіңізден бір рет бас тартылса, ол тендерге қайта қатыса алмайсыз. Сондықтан Кореядағы сатып алуға қатысқысы келетін шетелдік компаниялар міндетті түрде қызметкерлер штаты бар, сенімді деп танылған жергілікті корей компанияларының бірін өкіл ретінде жалдайды.
KONEPS өз үлгісін тегін бермейді
Осы салаға маманданған сарапшы журналист, Korea.net тілшісі Юн Со Чжон "Таң самалы елі" мемлекеттік сатып алуды 2002 жылы цифрландырып шыққанын айтады. Шетелдіктерге KONEPS атымен белгілі Корей электронды сатып алулардың онлайн жүйесін жергілікті кәсіпкерлер "Нара Чжонто" деп атайды екен.
"Оған бір рет тіркелсеңіз жеткілікті. Жыл сайын қайта тіркелу керек емес. Барлық қоғамдық ұйымдар да тендер туралы өз хабарламасын сонда орналастырады. Оған кез келген жеткізуші өз тауары не қызметін ұсынып, қатыса алады. Тек қорғаныс секторының сатып алулары кірмейді. Жүйені БҰҰ және ЭЫДҰ жоғары бағалады, арнайы сыйлықпен де марапаттады", – дейді ол.
Юн Со Чжон оған жалғыз қазақ елі ғана қызығып отырмағанын жеткізді.
"Әлемде Кореяның электронды тендер жүйесіне деген қызығушылықтың өсуі оны экспорттаудың басталуына ықпал етті. Менің білуімше, 2008 жылы кореялық осы онлайн жүйені Вьетнам сатып алды, бұл оған шамамен 1,78 миллион долларға түсті. 2009 жылы оны өзінде ендіру үшін Коста-Рика шамамен 310 мың доллар шығындады. 2010 жылы жүйені Моңғолия экспорттап, 4,16 миллион доллар төледі. 2011 жылы Тунис оны өзіне енгізгені үшін 5,7 млн, 2013 жылы Камерун – 1,1 млн, 2015 жылы Руанда – 5,07 млн, ал Иордания – 8,5 млн доллар төледі", – дейді Юн Со Чжон.
Тендерлердің электронды дүкені Қазақстанға қаншаға түсері белгісіз. Оны енгізетін заң жобасы әзірге Парламентке де енген жоқ. Депутаттар талқылау барысында барлық анық-қанығы анықталуы мүмкін.
Жанат Ардақ