Almaty Arena мен Halyk Arena кешенінде коронавируспен ауыратын науқастарға арналған төсек-орындар қойылып, уақытша стационар ашылады, деп мәлімдеді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының бастығы Камалжан Надыров, деп хабарлайды zakon.kz.
- Ауруханаға түсушілердің көбеюіне байланысты қалада орындар жетіспей жатыр. Бүгінгі күндері ауруханалардағы провизиялық орындардың 90% дерлік, жұқпалы ауруларға арналған орындардың 95% толы. Біз қазір жұқпалы аурулар бойынша қосымша орындар ашу мәселесімен шұғылданудамыз. Мысалы, Halyk Arena базасында 500 орынға арналған уақытша стационар ашуды қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, теміржол ауруханасы базасында 150 орындық ауру жұқтырған науқастарды қабылдайтын станционар ашу мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сонда инфекциялық ауруларға арналған 1 940 орынға қосымша тағы 650 орын қосылады. Егер жағдай одан әрі нашарласа, Halyk Arena базасындағы стацонарға тағы 300 кереует қосамыз, сондай да мүмкіндік бар. Сол сияқты, Almaty Arena базасының мүмкіндігін де пайдалануға болады. Онда осының барлығын қоса есептегенде, жұқпалы аурулар бойынша төсек-орын санын 3 700-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар, - деді Надыров.
Сонымен қатар Надыров қаладағы бос ғимараттарды аралап көргенін айтты. Оның айтуынша, көбісі белгілі бір талаптарға сай келмейді. Тек Almaty Arena мен Halyk Arena кешені қолайлы деп табылды. Өйткені бұл ғимараттардың қабырғалары кафелмен қапталған, желдеткіш желісі де бар, инфрақұрылымдары да жақсы.
- Бәрі қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты болатыны анық. Ал жағдай күрт нашарлап бара жатса, онда науқастарды қабылдау үшін орындарды көбейту мәселесін қарастырамыз. Оған дайынбыз, - деді ол.