Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгін таңертең дәрілік препараттарға сұранысты қамтамасыз ету және жедел жағдай бойынша қажетті шараларды талқылау үшін фарминдустрия өкілдерімен кезекті кездесу өткізді, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы ол Facebook-те жазды.
Келіп түскен дәрі-дәрмектер дәріхана сөрелеріне бір тәуліктің ішінде қойылады. Бүгін Ресейден препараттардың ірі партиясы келеді. Шамамен 55 тонна дәрілік заттар, соның ішінде ковидке қарсы — ыстықты түсіретін және антикоагулянттар бар. Шілде айының соңына дейін әлеуметтік маңызы бар дәрі-дәрмектердің 4,2 млн қаптамасы жеткізіледі деп күтілуде.Дәріхана желілері мен дистрибьюторлық компания басшыларының айтуынша, дәрілерді жеткізу мәселесі қалыпқа келді. Жасалған меморандумның аясында барлық аудандағы 105 дәріханаға жоғары сұранысқа ие 41 дәрі-дәрмектің түрі қойылады. 1 шілдеден бастап дәріханаларға әлеуметтік-маңызы бар препараттардың 581 мың қаптамасы түсті. Жалпы бүгінде 105 дәріханада және жеткізуші қоймаларда осындай дәрі-дәрмектердің 1,8 млн қаптамасы бар.
Келесі қадам — дәрілердің тұрақтандыру қорын құру. Дәрі-дәрмек жеткізушілерді 6-8 ай мерзімге пайызсыз несиелендіру үшін 5 млрд тг бөлінді. Бұл — дәрі-дәрмектерді ағымдағы баға бойынша сатып алып, нарықтың құбылмалы жағдайына байланысты біртіндеп пайдалануға беру үшін жасалды, деп жазды ол.