"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы екі адамды құтқару кезінде танытқан батылдығы мен ерлігі үшін Наурызбай ауданының ХҚО маманы Ержан Әбдіразақовты Басқарма төрайымының алғыс хатымен марапаттады. Сондай-ақ Ержанға мемлекеттік корпорацияның кәсіподақ қызметінің дамуына қосқан үлесі үшін "Еңбек даңқы" медалі табысталды, деп хабарлайды zakon.kz.
Басқарма төрайымы мен кәсіподақ ұйымы атынан берілген екі марапатты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Данияр Қырықбаев табыс етті. Өз атынан филиал бысшысы Ержан Әбдіразақовқа естелік сыйлық – қол сағатты сыйға тартты.
Естеріңізге салсақ, 1 маусымда Алматы қаласының Наурызбай аудандық ХҚО қызметкері Ержан Әбдіразақов өз өмірін қатерге тігіп, екі адамды ажалдан құтқарып қалды. Кейін белгілі болғандай, олар кәріз құдықтарының бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізген "Алматы Су" компаниясының қызметкерлері болған. Жұмыс кезінде олар газ түтінімен уланып, есінен танған. Ержан Әбдіразақов оларды құтқару үшін құдыққа алғашқылардың бірі болып түсті.
Екі адамның жанына араша болған Ержан ауруханадағы олардың хәл-жағдайын біліп қана қоймай, уланғандардың бірі Нұржан Қалбайды ауруханадан шығарып алған. Зардап шеккен екінші азамат Асқар Қайназаров ауруханадан шілде айының басында шығарылды.
"Төменге түсу керек пе, жоқ па деген ойыма да келмеді, оларды өлімнен аман алып қалу керек. Сол сәтте өзімді емес, соларды құтқару ғана ойымда болды. Екі азаматтың да ауруханадан шыққанына және дін амандығына қуаныштымын. Бұл – мен үшін ең қымбат сый", – дейді Ержан.
Айта кету керек, Ержанның ерлігін естіген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев оған қоңырау шалып, батылдығы үшін жеке алғысын білдірді.
"Ержан Әбдіразақов мемлекеттік корпорацияда 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында ол өз ісінің білгір маманы екенін бірнеше рет дәлелдеді. Біздің ұжымда осындай адал және жауапты қызметкердің жұмыс істейтінін біз мақтан тұтамыз", – деді "Азаматтарға арналған үкімет" Алматы қалалық филиалының директоры Данияр Қырықбаев.