Мақтаарал ауданында су басқан елдімекендер инфрақұрылымы қалпына келтірілуде

Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдарда 40,1 шақырымды құрайтын 27 ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары да жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары 2 бағытта жүргізілуде. Атап айтқанда, аудан орталығы Мырзакент кентіндегі жаңадан бой көтеріп жатқан мөлтек аудан толықтай инфрақұрылыммен қамтылып жатса, Фирдауси, Өргебас, Жаңатұрмыс және Жеңіс ауылдарында ауыз су жүйелері қайта қалпына келтірілуде, деп хабарлайды zakon.kz Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов пен облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев аудан орталығындағы жаңа мөлтек ауданда инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстарын бақылап, орын алған кейбір кемшіліктер бойынша мердігер мекемелерге ескертулер жасады.

Жалпы жаңа мөлтек ауданда ауыз су, кәріз, электр, газ, байланыс, ағын су желілерін құру және абаттандыру жұмыстары бір уақытта жүргізіліп жатыр. 70 гектар аумақты алып жатқан аймақта 8 мердігер мекеме инженерлік инфрақұрылым жұмыстарын жүргізуде.

Мұнан соң басшылар Фирдауси және Өргебас ауылдарында болды Фирдаусиде ауыз су жүйесі толығымен қайта құрылу үстінде екен. Мұнда ауыз желілері жаңартылып, ұңғыма қазылып, су мұнарасы тұрғызылуда. Ал, Жеңіс, Жаңа-тұрмыс және Өргебас ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Атап айтқанда, су есептегіш құралдары толығымен ауыстырылып, санитарлық қорғау аймақтары және су есептегішке арналған қорғаныс жәшіктері қайта қалпына келтірілген. Сондай-ақ, су құбырларына дезинфекциялау жұмыстары да жүргізіліпті.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы су басқан ауылдарда 40,1 шақырымды құрайтын 27 ішкі көшеге асфальт төсеу жұмыстары да жоспарланып отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: