Қасиетті қазақ даласы талай ұлы ғұламаларды дүниеге алып келді. Қазақ топырағынан көкірегі ояу, көзі ашық, ойшыл азаматтар бүкіл шығыс араб-парсы мәдениетін меңгеріп, өз шығармаларын көпке ортақ тілде жаза біліп, кейінгі ұрпақтарына мұра етіп қалдыра білді.
Олардың ішінде аты әлемге жайылғандары да аз емес. Солардың бірі – күллі әлемге танымал ұлы тұлға, бүкіл шығысты мойындатқан Әбу Насыр әл-Фараби тұрса, екінші басында өзіндік гуманистік ойларымен тәнті еткен Абай Құнанбайұлы тұр. Әбу Насыр әл-Фараби және Абай Құнанбайұлы секілді ұлы тұлғалар арқылы қазақ даласында ежелден жазу мен сызудың, өркениеттің, ғылым мен білімнің, музыка, жазба әдебиеттің өркен жайғанын бүкіл әлемге паш ететін боламыз.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына жасаған алғашқы "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты жолдауында: "Келер жылы аталып өтетін маңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды. Ендігі жылы бәріміз Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз. Мерейтой барысында ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек" – деп атап өткен болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстан халқы ғалым, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық және ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын мемлекеттік деңгейде атап өту жоспарланып, іс-шаралар өткізілуде.
Ғұлама ғалым Ә.X.Марғұлан: "Абай мен Әл-Фарабидің көздегені адамдардың рухани байлығы, олардың бақытты болуы мен әсемдікке ұмтылуы болып табылады". Қазақтың бағына біткен майталман тұлғалары Әл-Фараби мен Абай әр дәуірде өмір сүргенімен, екеуінің артында қалдырған еңбектері мен жазбаларында айтқан даналық, ғибратты сөздерінің арасында үлкен байланыс жатыр. Біз бұл тұлғаларды, өздері айтқан ғылыми-танымдық ойлары арқылы танып білеміз. Абай мен Әл-Фарабидің ой-толғамдары халқымыздың үлкен мұрасы деп айтып кеткен.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың қараша айында жарық көрген "Ұлы Даланың жеті қыры" атты мақаласында: "Орасан зор кеңістікті игере білген түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың гүлденуіне жол ашты. Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр Әл-Фарабиді дүниеге әкелді" –деп атап өткен еді.
Ұлы тұлғалар Әл-Фараби мен Абай өз ойларын әр түрлі сөзбен жазса да, олардың мағынасы бір-бірімен астасып жатыр. Абайдың қара сөзі мен өлеңдерін оқыған әрбір адам өмірін босқа өткізбесі анық деп айтсақ қателеспейміз. Себебі, олардың қалдырған еңбектері парасаттылық пен ақылдылыққа, бір сөзбен айтқанда өмірді лайықты сүруге үйретеді.
Ұлы Абайдың өлеңдерінен ар-ұят, еңбек, намыс, адамгершілік. парасаттылық ұғымдарын жиі кездестіруге болады. Осылардың барлығы жастарымыз үшін мәңгілік мұра. Осы мұраны біз жастарымыздың санасына бала бақшадан бастап сіңіртуіміз керек деп есептеймін.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастауымен "Әл-Фараби және қайырымды қоғам" тақырыбында "Адалдық сағаттары" өткізілуде.
"Әл-Фараби және қайырымды қоғам" тақырыбында "Адалдық сағаттары" инстаграм әлеуметтік желісінде тікелей эфир арқылы жарияланып насихатталуда.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел ағамыз да Facebook әлеуметтік желісінде Агенттіктің атқарып жатқан "Адалдық сағаттары" жастар тәрбиесінде зор орын алатындығын атай отырып, биылғы жылы өткізілгелі отырған Ұлы тұлғалар Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары және Алтын орданың құрылуының 750 жылдығы атап өтетінімізді сөзге тиек етті. Сондай-ақ бұл үш мерей тойдың еліміздің абыройын көтеретін мерекелер екенін айтып кетті.
Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшелері Ұлы тұлға Әл-Фарабидің мерейтойына қатысты шараларды алдағы уақытта да жалғастыратын болады.
Мақаламды Әл-Фарабидің "Бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне көмектесетін болса, жер беті түгелімен берекеге толады", - деген сөзі бүгінгі қазіргі жағдайға байланысты айтылған деп аяқтаймын.
Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанындағы ақпараттық үгіт-насихат штабының мүшесі Е.Нұғыманов