Сәдуақас Байғабылов бұрынғы қызметіне оралды

Өңірдегі коронавирусқа байланысты жағдай тұрақталды.

Сәдуақас Байғабылов Атырау облысының бас санитарлық дәрігері қызметінен кетіп, елордаға оралады, деп хабарлайды zakon.kz.

- Кәсіби вирусологтар мен эпидемиологтар құрамының (Нұр-Сұлтан мен Алматыдан) Атырау облысындағы миссиясы орындалды. Өңірде коронавирус инфекциясы бойынша жағдай тұрақтандырылды. Үгіт-насихат жұмыстарын және профилактикалық шараларды жалғастыру, аймақтағы шектеу талаптарын сақтау маңызды. Біз Нұр-Сұлтанға қайта ораламыз, Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қызметімді жалғастырамын, - деп жазды ол facebook-те.

13 шілдеде Сәдуақас Байғабыловтың Атырау облысының бас санитарлық дәрігері болып тағайындалғаны белгілі болды. Ол кезде өңірдегі коронавирусқа байланысты жағдайы өте күрделі болатын. Оның айтуынша, екі апта ішінде олар аймақтағы COVID-19-бен байланысты жағдайды түзетуге барынша тырысты.

- Нәтижесін біз бүгін көріп отырмыз. Қазір Нұр-Сұлтанда Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау және қауіпсіздік департаментінің бастығы - Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер ретінде жұмысымды жалғастырудамын, - деп сөзін түйіндеді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: