Әлеуметтік маңызы бар 6,5 мың жоба Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде іске асыру үшін таңдалды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлім етті, деп хабарлайды zakon.kz.
"Бүгінгі күні 255 мың жұмыс орнын құру жоспарымен жүзеге асырылатын 6,5 мың әлеуметтік маңызы бар жоба іріктеліп алынды. Оның ішінде аяқталған жобалар бойынша 15 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. 5,9 мың жобаны іске асыру басталды. Бұл 123 мың жұмыс орнын ашты", - деді ол сәрсенбіде өткен брифингте.
Министр экономиканы тұрақтандыру және халықты қолдау бойынша үкімет қабылдаған шұғыл жедел шаралар шеңберінде еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін "Жұмыспен қамтудың жол картасы" жаңа бағдарламасы бойынша 1 трлн теңге бөлінгенін еске салды.
"Бұл бағдарламаны іске асыру өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бұл – апаттық және үш ауысымдық мектеп санын азайту, газдандыру, сапалы жергілікті автомобиль жолдарының құрылысы, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ таза ауыз сумен қамтамасыз ету", - деп атап көрсетті Дәленов.
Ол Жамбыл облысындағы газдандыру жобасын іске асырудың нәтижесінде Қордай ауданы ауылдарының 50 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізе алатынын мысалға келтірді. Атырау облысының Құрманғазы ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін магистральдық сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде.
"Мұндай жобалар еліміздің әр өңіріндегі халықтың өмір сүру жағдайын жақсартудағы өзекті міндеттерді шешеді", - деді министр.
Бұл ретте, ол, Жұмыспен қамтудың жол картасы "байланысты салаларда 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын құруға негіз қалайтынын" атап көрсетті.