ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ҚР-да балық шаруашылығын дамыту перспективалары туралы баяндады, деп хабарлайды zakon.kz.
С. Омаров атап өткендей, Ауыл шаруашылығы министрлігі аквамәдениетті дамытуды мемлекеттік қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап тауарлық балық өсіру кезінде жемшөпті субсидиялау бойынша бюджеттік бағдарламаны іске асыруда.
"Балықтың тұқы, бекіре, албырт сияқты басым түрлері субсидияланады. Бағдарлама жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. Биыл біз қолдау мақсатында 430 млн теңге қарастырдық. Қазіргі уақытта 30-ға жуық балық өсіретін кәсіпорын субсидиямен қамтылуда", — деді министр.
Бұдан өзге бизнес пен "Атамекен" ҰКП ұсыныстары негізінде 2020 жылғы 4 тамызда ҚР АШМ инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты бекітті. Толықтыруларға сәйкес, қуаты 20 тоннадан бастап тұйықталған сумен жабдықтау (ТСЖ) арқылы балық өсіретін кәсіпорын және қуаты 40 тоннадан бастап тауарлық балық өсіретін орнықты шаруашылықтары құрылысының құнын 25% дейін субсидиялау көзделген.
Сонымен қатар қолданыстағы қағидалар аясында көл-тауар шаруашылықтарына арналған жабдықтар мен техниканың құнын 25%-ға дейін субсидиялау қарастырылған.
2019 жылы 450,1 млн теңге сомасына 6 шаруашылық субсидияланды. ҚазАгро желісі бойынша тауарлы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған, оның ішінде экспорттық әлеуеті бар инвестициялық жобаларға несие беру көзделген.
Соңғы 10 жылда балық шаруашылығы бойынша жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна балық өнімін құрайтын 13,9 млрд теңге сомасына 13 жоба қаржыландырылды.