Алматы облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерғали Сыдыманов карантин режимі және карантин талаптарын кезең-кезеңімен жеңілдету туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды zakon.kz.
№27 жаңа қаулысы 31 тамыз күні күшіне енді.
Аталмыш қаулы талаптарына сәйкес, облыстың тамақтану орындары 30 адамға дейін ғана қабылдауға құқылы, алайда оларға той, банкет жасауға болмайды. Сондай-ақ, аталмыш нысандар 17 тамыздан бастап түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыс істесе, енді олардың жұмыс уақыты бір сағатқа немесе сағат 23:00-ге дейін ұзартылды.
Ал 31-ші тамыздан бастап қалааралық автобустардың жұмысы қайта жанданды. Облыстың аудандары мен қалалары арасында, сондай-ақ, облыс шегінен тыс жерлерде жолаушыларды тасымалдайтын қоғамдық көлік қозғалысына рұқсат берілді. Бұл ретте әр рейс алдында қоғамдық көлікті, қоғамдық көлік аялдамаларын (күніне кемінде екі рет), жуу және дезинфекциялау құралдарын, қолдана отырып өңдеу жүргізу қажет болады.
Мәдениет нысандары, оның ішінде, музейлерге, театрларға, Мәдениет үйлеріне баруға рұқсат берілді. Бірақ 5 шаршы метрде бір адамнан болуы тиіс. Көрермендер 50 пайыздан аспауға міндетті. Өнер ұжымындағы шығармашылықпен айналысуға, репитиция жасауға келетін адамдар саны 30-дан аспауы қажет. Арасындағы үзілісте бетперде тағады және екі метр арақашықтықты сақтайды.
Айта кететін мәселе, аталған қаулы талаптарына сай, бассейндердің жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Ал түнгі клуб, кальян барлары, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктер, ойын-сауық нысандары (көрмелер, букмекерлік, бильярд, караоке, PS-клубтар, квестдар, антикафе, боулинг-орталықтар, лото-клубтар, компьютерлік клубтар, батуттар және басқалар) жұмыс істемейді.
Қаулының толық нұсқасымен мына арадан таныса аласыздар.