Аудан халқының негізгі тұрмыс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан, тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алу үшін кең ауқымды шараларды қабылдауда, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ауданда 233 мал шаруақожалығы бар. Аудан тұрғындарында 500 мыңға жуық мал басы бар. Қазіргі уақытта мал ұрлығының алдын алу мақсатында кешенді шаралар қабылдануда. Учаскелік полиция инспекторлары ауыл әкімдерімен бірлесіп, әр ауылға бейнебақылау камераларын орнату бойынша жұмыс істеп жасап жатыр", - деді Кербұлақ ауданы Полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.
Полиция басшысының берген ақпаратына сәйкес, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл тіркелген қылмыс саны 31,4 пайызға төмендесе, қоғамдық орында орын алған қылмыстар 50 пайызға азайған. Тәртіп сақшылары 8 ай ішінде 2016 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 31,2 пайызға артқан. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары бұған дейінгі жылдары тіркелген қылмыстарды ашу бойынша да көрсеткіштерін жақсартты.
"Тамыз айында 9 бас жылқыны ұрлап келе жатқан барымташы құрықталды. Күдікті қолды қылған жылқылар тәркіленіп, заңды иелеріне қайтарылды. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің бұған дейінгі жылдары Кербұлақ ауданында орын алған екі мал ұрлығын жасағаны анықталды. Барымташының көрші орналасқан Көксу ауданындағы мал ұрлықтарына қатысы бары тексерілуде", - деп толықтырды полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.