Қазақстан теңгесі дамушы елдер валюталары арасында ең аз әлсіреді – Досаев

Инвесторлар коронавирус пандемиясының салдарына, қарашада болатын АҚШ президентін сайлауға байланысты тұрақсыздықтың өсуіне дайындалуда.

ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ерболат Досаев Үкіметінің отырысында "Әлеуметтік-экономикалық даму және 2020 жылғы қаңтар-тамыздағы республикалық бюджетті орындау қорытындылары туралы" баяндама жасады, деп хабарлайды zakon.kz.

Досаевтың сөзінше, әлемдік қаржы нарықтарының ағымдағы жылғы тамыздағы өсуі қыркүйектің басында технологиялық сектор компанияларының акцияларын жаппай сату мен АҚШ-тың еңбек нарығын қалпына келтірудің баяулауына байланысты төмендеуге ауысты.

Жалпы алғанда, күзде инвесторлар коронавирус пандемиясының салдарына, сондай-ақ ағымдағы жылғы қарашада болатын АҚШ президентін сайлауға байланысты тұрақсыздықтың өсуіне дайындалуда. Өткен айда мұнай бағасы бір баррель үшін 45,3 долларға дейін 4,6%-ке өсті. Алайда, ағымдағы жылғы қыркүйектің басында ол нарықтағы мұнайдың шамадан тыс көп болуына байланысты позициясын жоғалтуда. Бүгінгі күннің тәңертеңгі уақытына Брент сұрыпты мұнай бағасы 40 АҚШ долларынан төмен түсіп, 39,7 АҚШ долларын құрады, деді ол.

ҚР Ұлттық банкі төрағасы шектеу шараларын енгізуге байланысты ағымдағы жылғы шілдедегі төмендеуден кейін Қазақстанда іскерлік белсенділік индексі ағымдағы жылғы тамызда 44,7 тармақтан 45,4 тармаққа дейін аздап өскенін жеткізді.

Қызмет көрсету (44,2 тармаққа дейін 1,1 проценттік тармаққа) және өнеркәсіп (48,3 тармаққа дейін 0,3 проценттік тармаққа) саласындағы индекстің жақсаруы құрылыстағы төмендеуге (43,6 тармаққа дейін 0,9 проценттік тармаққа) жалғасты. Қазақстанда тұтынушылық сұраныстың баяулауы және әлемдік нарықтарда азық-түлік тауарлары бағасының күтілетін төмендеуі дезинфляциялық әсер береді. Ағымдағы жылғы тамызда жылдық инфляция азық-түлік заттарының төмендеуі есебінен 7,1%-тен 7,0%-ке дейін төмендеді. Соңғы 2 жылда алғаш рет азық-түлік тауарларының тобында 0,2% айлық дефляция орын алды. Жеміс-көкөніс өнімдеріне бағаның маусымдық төмендеуімен қатар ет өнімдері, нан-тоқаш өнімдері мен жармалар, жұмыртқа бағасының өсу қарқынының айтарлықтай баяулауы байқалды. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі 2020 жылғы шілдедегі 11,3%-пен салыстырғанда 10,9%-ке дейін баяулады. Азық-түлікке жатпайтын тауар бағасының жылдық өсуі жанар-жағар май (ЖЖМ) бағасының (бензин мен дизель отыны тамызда 0,1%) төмендей беруі кезінде 5,5% болды, ал ақылы қызметтер жылдық көрсетуде коммуналдық қызметтер мен көлік қызметі тарифтерінің өсуі аясында шілдедегі 3,2%-тен ағымдағы жылғы тамыздағы 3,4%-ке дейін жылдамдады, деді ол.

Инфляциялық процестердің серпінін бақылауды сақтау және жылдық инфляцияның орта мерзімді кезеңде бірқалыпты баяулауын қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылғы 8 қыркүйектен бастап базалық ставка +/-1,5 проценттік тармақ проценттік дәлізімен 9% деңгейінде сақталды.

Ағымдағы жылғы тамызда қымбаттаған мұнай, сондай-ақ республикалық бюджетке кепілді трансферт бөлу шеңберінде Ұлттық қордың активтерін конвертациялау және квазимемлекеттік сектор компанияларының экспорттық валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сатуы бойынша ұзартылған шаралар ұлттық валютаға қолдау көрсетті.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың басынан бастап тамыздың соңына дейін республикалық бюджетке кепілді трансферт бөлу мақсатында шамамен 7,0 млрд АҚШ долларына, оның ішінде тамызда 0,7 млрд долларға Ұлттық қордың активтері конвертацияланды. Жылдың басынан бері трансферт көлемі 3,9 трлн теңге, оның ішінде ағымдағы жылғы тамызда 287 млрд теңге болды.

Ағымдағы жылғы тамызда квазимемлекеттік сектор (КМС) субъектілерінің сату көлемі 266 млн АҚШ доллары, ағымдағы жылғы наурызда шаралар енгізілген кезден бастап – 1 073 млн АҚШ доллары болды.

Бұл ретте дамушы елдердің валюталары дамыған елдермен салыстырғанда әлсіреуді жалғастыруда. Бір айда Ресей рублі - 1,6%-ке, Бразилия реалы – 2,3%-ке, түрік лирасы – 6%-ке әлсіреді.

Қазақстан теңгесі дамушы елдердің валюталары арасында бір айда бір АҚШ доллары үшін 418,0 теңгеден 420,11 теңгеге дейін 0,5%-ке тең ең аз әлсіреу көрсетті, деді ол.

Инвесторлардың тәуекелді активтерге қызығушылығының азаюына байланысты дамушы елдер валюталарының одан әрі әлсіреуі, мұнайға сұраныстың қалпына келуі жөніндегі сенімнің әлсіреуіне байланысты мұнай бағасының төмендеуі аясында теңгенің бағамы ағымдағы жылғы қыркүйектің басынан бері ағымдағы жылғы 8 қыркүйектегі бір АҚШ доллары үшін 423,54 теңгеге дейін 0,8%-ке әлсіреді.

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дауының шиеленісуінен, коронавирустың екінші рет қайталану ықтималдығынан дамушы нарықтардың валюталары үшін тәуекелдер сақталады. Сонымен қатар, Ресейге қатысты санкциялар риторикасының күшеюі бюджет қағидалары шеңберінде шетел валютасын сатуды төмендету саясатымен бірге рубльдің әлсіреу тәуекелін арттырады, бұл ұлттық валюта бағамына да теріс әсер етеді. Бір айда өтімділік профициті 3,7 трлн теңгеге дейін 11,3%-ке төмендеген кезде ақша нарығындағы жағдай тұрақты болып қалуда, делінеді баяндамада.

Ұлттық қордың активтері ағымдағы жылғы тамызда 1,0 млрд АҚШ доллары сомасында алынған инвестициялық кіріс есебінен бір айда 0,5 млрд АҚШ долларына (+0,8%) ұлғайып, 58,7 млрд АҚШ долларын құрады.

Сонымен қатар, баяндама мынадай көрсеткіштер аталды:

Ағымдағы жылғы шілденің соңында банк жүйесіндегі депозиттер жыл басынан бері теңгелік салымдардың 12,5 трлн теңгеге дейін 15,6%-ке өсуі есебінен 8,7%-ке ұлғайып, 20,7 трлн теңгені құрады.

Валюталық салымдар 8,2 трлн теңгеге дейін 0,2%-ке төмендеді. Нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы 7 айда 39,5%-ке дейін (2019 жылғы желтоқсанда 43,1%) төмендеді.

Ұзақ мерзімді кредиттердің 11,9 трлн теңгеге дейін 0,8%-ке немесе 98,5 млрд теңгеге өсуі нәтижесінде экономикаға берілетін кредиттер жыл басынан бері ағымдағы жылғы шілденің соңына қарай 13,9 трлн теңгеге дейін 0,5%-ке (немесе 67,1 млрд теңгеге) ұлғайды.

Қысқа мерзімді кредиттер 2,0 трлн теңгеге дейін 1,5%-ке немесе 31,3 млрд теңгеге азайды.

Бизнестің кредиттік портфелі жыл басынан бері 7,1 трлн теңгеге дейін 1%-ке азайды, халықтың кредиттік портфелі 6,8 трлн теңгеге дейін 2,1%-ке ұлғайды. Халықтың кредиттік портфелінің құрылымында тұтынушылық қарыздар ағымдағы жылдың басынан бері 4,2 трлн теңгеге дейін 1,4%-ке төмендеді, ипотекалық қарыздар - 2,0 трлн теңгеге дейін 11,1%-ке ұлғайды.

Бизнеске берілген теңгедегі кредиттер бойынша ставка ағымдағы жылғы шілдеде 11,9% (2019 жылғы шілдеде 12%), оның ішінде қысқа мерзімді кредиттер бойынша – 11,7% (11,8%), ұзақ мерзімді кредиттер бойынша – 13,6% (12,8%) болды.

Қазақстан экономикасын қолдау шеңберінде Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.

1. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 538,8 млрд теңгеге 731 өтінім мақұлдады, 315,7 млрд теңге сомасына
604 қарыз берді.

2. Төтенше жағдайдың енгізілуінен зардап шеккен шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 4 қыркүйекте кәсіпкерлер 562,1 млрд теңге сомасына 2 263 өтінім берді, 353,1 млрд теңгеге 2 549 қарыз берілді.

Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасы бойынша дағдарыс салдарынан барынша зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. Осылайша, бағдарламаның бюджеті 800 млрд теңгеге дейін жеткізіледі, ал оны іске асыру мерзімі 2021 жылдың соңына дейін ұзартылды.

Ұлттық Банктен қаржыландыру есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда.

1. "7-20-25" бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 3 қыркүйекте 257,7 млрд теңгеге 22 046 өтінім мақұлданды, оның ішінде 206,2 млрд теңге сомасына 17 780 қарыз берілді.

2. "Баспана Хит" нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша ағымдағы жылғы 3 қыркүйекте 330,9 млрд теңге сомасына 38 384 өтінім мақұлданды, 259,7 млрд теңгеге 30 934 қарыз берілді.

Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде онлайн-сауданың өсуі аясында қазақстандық эмитенттердің төлем карточкаларын пайдалана отырып жасалған транзакциялар көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 24,6 трлн теңгеге дейін 58,9%-ке ұлғайды.

Бұл ретте қолма-қол ақшасыз транзакциялар саны 2,2 есе (саны 1,3 млрд бірлікті құрады), ал сомасы - 2,5 есе (көлемі 15,7 трлн теңгені құрады) өсті. Бұл операциялардың негізгі үлесі онлайн тәсілмен жүргізілді.

Ұлттық Банк қолма-қол ақшасыз жасалатын есеп айырысуларды кеңейту үшін ағымдағы жылғы тамызда жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді қолма-қол ақшасыз төлеудің жаңа тетігін енгізу арқылы ірі мәмілелерді қолма-қол ақшасыз жасалатын есеп айырысуға ауыстыруды бастады.

Жаңа тетік мәміле жасау процесін тез және қолайлы етуге мүмкіндік береді, елде көрсетілетін қызметті цифрландыру деңгейін арттырады, алаяқтық тәуекелін төмендете және көлеңкелі экономиканы төмендетуге жәрдемдесе отырып, ірі операциялар бойынша есеп айырысулардың қауіпсіздігін едәуір арттырады.

Сөз соңында Досаев әлемдік және ұлттық экономика қалпына келуіне қарамастан жоғары құбылмалылық жағдайында жұмыс істеуді жалғастырып жатқанына тоқталды.

Ағымдағы жылғы қыркүйектің басында басталған сыртқы қаржы және тауар нарықтарындағы турбуленттіліктің өсуі ішкі нарыққа әсер ететін болады. Бұл жағдайларда Ұлттық Банк ахуалды жіті қадағалап, баға мен қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ экономиканың қалпына келуі үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады, деді ол.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: