Екібастұзда төрт күн бұрын жоғалған кәмелетке толмаған қос жеткіншекті Павлодар облысының жедел қызметкерлері ШҚО-дан тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 06 қыркүйекте Екібастұз полициясына кәмелетке толмаған балаларды іздеу туралы ата-аналардың өтініші түсті.
– Бұл күні сағат 20.00 шамасында 2007 жылы туған Екібастұз қаласының ЖОББМ оқушысы және 2002 жылы туған кәмелетке толмаған колледж оқушысы үйден кеткені белгілі болды, – деді Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Арман Сәбиев.
Полиция қызметкерлері дереу аумақтық бөлімшелерге нұсқаулық жіберді. Кәмелетке толмағандарды іздеуге полиция қызметкерлері, “Vita” және “Легион 14” ЕІЖ еріктілері, өзге де азаматтар жұмылдырылды. Нұсқаулық парақша барлық жерлерге жабыстырылды.
– Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бірнеше нұсқа болжамы тексерілді. Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Павлодар облысының жедел қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысының полицейлерімен бірлесіп, кәмелетке толмағандардың екеуін де Өскемен қаласындағы қонақ үйлердің бірінде анықтады, – деп түсіндірді Сабиев.
Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандарды үйге алып бара жатыр, балалар заңды өкілдеріне апарып, тапсырады. Полиция заңды өкілдердің жауапкершілігі туралы мәселені қарастыруда.
Айта кету керек, биылғы жылдың басынан бастап Павлодар облысының полициясында хабар-ошарсыз кеткен балаларға қатысты 75 өтініш тіркеліп, олардың барлығы анықталып, үйлеріне қайтарылды.