ҚР Ішкі істер министрлігі спортшы Қуат Хамитовтың үндеуіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды zakon.kz.
Спортшы бұған дейін жұртты көшеде дезинфекция жасап жүргендерді ұрып-соғып, дәрі сеуіп жүрген тікұшақтарды атуға шақырып, үндеу жасаған болатын. Содан кейін ол тиісті процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыру үшін Алматы қаласының полиция бөліміне жеткізілді. Ішкі істер министрлігі мұны тікелей заңбұзушылық деп атап өтті.
- Спортшы Қуат Хамитовтың авторлығындағы видеоға пікір білдіре кетейін. Ол зорлық-зомбылыққа шақыратын үндеу жасап, оны видеоға түсіпі, әлеуметтік желілердің біріндегі өзінің парақшасында жариялады. Бұл тікелей заңбұзушылық және қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды біле тұра жалған ақпарат таратпауға шақырады, тек мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне сену керек. Заңды бұзған жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын әрдайым есте сақтау қажет, - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.