Қазақстанның ең атақты футболшыларының бірі және ұлттық құрама сапындағы рекордсмен Самат Смақов футболшы болған кезде өзіне қанша көлемде пара ұсынылғанын айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Экс-футболшы ешқашан алдын ала келісілген матчтарға қатыспағанын, бірақ қызығатындай ұсыныстар болғанын айтты.
- Алдын ала келісілген матчтарға ешқашан қатысқан емеспін. Мені білетіндерден сұраңыз, ондайға көнбейтінімді бәрі жақсы біледі. Бірақ кейбір жанкүйерлер бар, жеңілсең, "мынау сатылыпты", - дейді, ал ұтсаң, "сатып алыпты", - деп жатады. Өз басымда, мысалы мынандай бір жағдай болды, олар маған байланысқа шығып, жарты миллион доллар ұсынды. Бізден жеңілуді сұраған жоқ, тек белгілі бір нәтижеге жетіп, соған тоқталсаңдар деді. Содан: "Жігіттер, сендер керек адамға шығып тұрған жоқсыңдар" деп айттым. Біздің футболда әрдайым осылайынан: жеңіліс- сатылу, ұтыс-сатып алу. Бұл тек Қазақстандағы ғана емес, барлық жердегі футболда бар нәрсе, - деді Смақов ER-BATYR Youtube каналына берген сұхбатында.
Экс-футболшы өзіне қандай ойын үшін осындай үлкен ақша ұсынылғанын нақтылап айтпады.