Адам баласы осы дәуірге дейін талай зұлматты да, ашаршылықты да, соғыс пен сынақтың бәрін еңсерді.
Бар адамға ортақ мына жаһанның тарихына көз салсақ талай жараны да, талай қуанышты да көреміз. Қашан да жеңімпаз болып үйренген адам бір ғана нәрсені еңсере алмады. Ол – уақыт. Уақыт бізден жүйрік шықты, оны жеңе алмайтынымызды білгеннен кейін уақытпен санасуды үйрендік, «заман талабына сай», «осыны уақыт талап етеді» сынды сөз тіркестерін ойлап тауып, оның «әміріне» бағындық. ХХІ ғасыр жаһандану дәуірі табан тірегелі бері уақыт ғарыш жылдамдығымен зымырай бастағандай. Әсіресе технология мен интернет саласындағы революциялық жарылыс пен дүмпу бұған дәлел бола алады. Осы орайда Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңі еске түседі. Қазақтың ғұламасы сол дәуірде-ақ біз өмір сүретін заманға дәл болжам жасағандай. Ғылымның жетістігі саналатын қазіргі технологиялық индустрия «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар» алғызып жатқаны рас. Бұқаралық ақпарат құралдарымен әлеуметтік желілер бәсекелессе, қазіргі адамның «жақынына» айналған смартфондардың түр-түрін шығаруда дамыған мемлекеттер қарап қалып жатқан жоқ. Күн сайын киетін кіиіміміз бен ішетін асымызға дейін смартфонға сеніп тапсырған кезде сәл дамылдап, болашаққа бір барлап қарасақ дейміз...
Қазақстан әлемдегі өзге де ұлттық мемлекеттер сынды өз болашағының тұжырымын жасап, даму көкжиегін айқындауы тиіс. Қазір бір ғана институттың жұмыс істеуі аздық етеді, себебі даму мақсатына тек тұтас қоғам қолғабыс еткенде ғана жетуіміз мүмкін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Қазақстанның таяу жылдардағы міндеттерін айтып, «Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді», - деген еді. Осы орайда Елбасы алдағы жылдарда мықтап қолға алынуы тиіс бірнеше жобаны ұсынды.
Оның басында әлбетте, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстары тұр. Бұл мәселені көтергелі бері біраз жұмыстар атқарылды. Бүгінде біздің тілге деген көзқарасымыз өзгерді. Себебі өзіміз өмір сүріп отырған ғасырда «ұлттық тілдердің» салтанат құрып, әлемнің жетекші тілдеріне айналғанын көзіміз көріп отыр. Оған бір ғана ағылшын тілінің өзі жеткілікті мысал бола алады. Латын әліпбиіне көшу жұмысы оңай жүзеге аспайтынын, белгілі бір уақытты талап ететінін бәріміз білеміз. Себебі біздің тіліміз арқылы ұлтымыздың мәдениеті, өркениеті, тарихы жасалды. «Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық»,- дейді Н.Назарбаев. Негізі Қазақстан тарихында латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Ел егемендігін алғаннан кейін ҚР Тұңғыш Президенті латын қарпіне көшуге кірісу керектігін 2012 жылғы жария еткен "Қазақстан-2050" Стратегиясында айтып, «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деп мәлімдеген еді. Бүгінде бұл міндеттер ретімен жүзеге асуда.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған таяу жылдардағы негізгі міндеттердің біріне «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жатады. Бұл жоба 2017 жылы құлақтандырылды, 2018 жылы қолымызға шет тіліндегі ең үздік деген 18 кітап тиді. Бүгінде Аударма Бюросы басшылық жасайтын жобаның нәтижесінде әлеуметтану, философия, медиа, лингвистика, кәсіпкерлік, менеджмент, педагогика, психология, музыка т.б салаларда ондаған кітаптар жарық көріп, оқырманға жетті. Елбасы бұл жоба туралы айтқанда аталған бағдарлама арқылы жүз мыңдаған студент сапалы білім алады, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады деген еді. Н.Назарбаев «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды.
Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек» дей келе әлемнің жетекші университеттері білім беретін үздік кітаптардың қазақ тілінде сөйлеу бастамасын көтеріп, сапалы білім алуда пайдалы бастамаға мұрындық болды.
Сондай-ақ бағдарламалық мақалада «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобалары ұсынылды. Бұл аталған әр жоба үш жыл аралығында сәтті жүзеге асырылды. Мәселен, «Қазақстанның жүз жаңа есімі» жобасы арқылы елдегі белсенді жастар туралы республика халқы танып-білсе, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында шетелдік үздік мәдениеттерден үйреніп, ұлттық мәдениетімізді өз болмысында жаңғыртуды біртіндеп қолға алдық, сондай-ақ шет тілдерін меңгеруге де ел халқы басым ден қоя бастады. Бұл бағдарламалық жобалар біздің таяу жылдардағы рухани дамуымыздың міндеттерін нақтылады. Елбасы сонымен қатар мақалада әр қазақстандықтың бойында болуы керек деген бәсекеге қабілет, прагматизм, білімге ұмтылыс сынды негізгі қасиеттерге талдау жасап, оның маңызына жете мән берді.
Әр күн даму мен өмір сүрудің жанталасында өтіп жатқанда жақын жылдардағы міндеттерге мойын бұрып, болашақ туралы пайымдау артық етпес. Болашақ та скептицизмге толы уақыт белдеуі екені рас, ол дәл қазір біз сүріп жатқан өмірдің өлшемі болып шығуы да ғажап емес. Адамның жеке мүддесінен өзге туған жері, отбасы алдындағы жауапкершілігі мен борышы оны ізгі міндеттерге жетелесе, тұтас мемлекеттің өркендеуінде әр жеке адамның тамшыдай үлесі жатыр. Ол бағалы да. Даму мен жоспарды әр жеке тұлға әрқалай түйсінеді және оны өзі қалаған бағытқа бұрары анық. Десе де білім бәсекесі орнаған ғасыр ұлтқа деген құрметіміз бен елжандылығымызды қайрамаса, аяқтан шалып, сағын сындырды дей алмаймыз..Осы себепті біз басшылыққа алатын сын-қатерлер мен міндеттердің жауапкершілігінің әлеуеті де зор.