Сенаттың бір топ депутаты құс тұмауынан өлген үй құстары үшін өтемақы төлеу мен міндетті вакцинациялауды енгізуді сұрап, ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал жолдамақ, деп хабарлайды zakon.kz.
– Құс тұмауының экономикалық залалы өте үлкен, оның салдары тек үй құстарының иелеріне ғана емес, мемлекет тарапынан да қатаң карантиндік және ветеринариялық-санитариялық іс-шараларды жүргізуді енгізуге, соның ішінде ауру құстарды жоюға және де оларды жаппай вакцинациялауға, құс иелеріне өтемақы (компенсация) беру мәселелері мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсіретіні анық.
АШМ-нің соңғы мәліметтері бойынша, Қазақстанның бірнеше өңірлерінің 117 елді мекенінде аталған індеттен 576 мың бас әр түрлі құстар өлім-жітімге ұшыраған. Ал, Қазақстан құс өсірушілер одағының мәліметтері бойынша, құс тұмауының салдарынан құстардың өлімі Солтүстік Қазақстан облысында 768,8 мың бас (екі құс фабрикасы) және Қостанай облысында (бір құс фабрикасы) 360 мың басты құрайды, яғни тек үш құс фабрикасында қырылған құстың саны 1 млн.128 мыңнан асып отыр.
Бұл ретте, АШМ-нің деректеріне сәйкес, арнайы құрылған тиісті комиссиялар кей шаруашылықтарда құс шығынының технологиялық, өндірістік себептерін, сондай-ақ, құс тұмауынан өлген құстардың нақты санындағы қателіктерді анықтаған. Мұндай келеңсіз жағдайлар, еліміздегі құс шаруашылығы саласының дамуына кері әсерін тигізу қауіпінің өте жоғары екенін көрсетеді. Статистикалық деректердің жүйесіздігі, құс өсірушілердің жауапсыздығы, жауапты мемлекеттік органдардың қамсыз болуы, яғни дер кезінде індеттің алдын алу шараларын жүргізуге қатысты жұмыстары да біршама сұрақтарды тудырып отыр. Елімізде құс етінің 45 пайызы импортталатынын ескерсек, ендігі кезекте, құс тұмауы салдарынан бұл көрсеткіштің өсуі және де отандық өнімдер бағасының қымбаттауы да әбден мүмкін. Өкінішке қарай, Қазақстандағы құс шаруашылығы саласындағы селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстардың төмен деңгейінің салдарынан инкубациялық жұмыртқа, тәуліктік балапандар сияқты – асыл тұқымдық өнімдер – негізінен жақын және алыс шет елдерден импортталады. Бұл ретте, отандық құс өндірушілерде өз кросстарының болмауы жағдайды одан сайын күрделендіруде. Сондықтан да, еліміздің құс шаруашылығы саласына қолдау көрсету - өзекті мәселелердің бірі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен "Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру Ережелеріне" сәйкес нақты өндірісі 100 млн.данадан астам жұмыртқа өндіретін құс фабрикалары 1 дана үшін 1,2 теңге норматив бойынша субсидия ала алады.
Қазірдің өзінде, құс тұмауына байланысты, отандық кәсіпорындарда құс санының айтарлықтай мөлшерде қысқаруына байланысты, олар жыл қорытындысы бойынша 100 млн.дана жұмыртқа шығара алмайтыны белгілі болып отыр. Бұл - өз ретінде алынған субсидияларды қайтаруға міндеттеуге әкеліп соқтырады. Сондықтан да, аталған мәселе қосымша зерделенуі тиіс. Аса қауіпті аурулардың өршуіне жол бермеу мақсатында, ұйымдастырылған шаруашылықтарда және жеке аулаларда құстарды міндетті түрде вакцинациялауды ұйымдастыру қажет деп санаймыз, – делінеді сауалда.
Депутаттар Д.Мусин, Ә.Бектаев, О.Булавкина, С.Дүйсембинов, М.Жұмағазинов, А.Күрішбаев, Ә.Нұралиев, О.Перепечина, Е.Сұлтанов осы баяндалғандардың негізінде Асқар Маминнен:
1) Құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринарлық іс-шаралардың орындалуына жан-жақты тексеру жүргізу;
2) Құстардың қауіпті ауруларына қарсы міндетті вакцинациялау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
3) Індет салдарынан (құс тұмауы) жойылған үй құстары үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу;
4) Жұмыртқа өндірудің нақты көлеміне қарамастан, барлық құс фабрикалары үшін бірыңғай норматив белгілей отырып, субсидиялау Ережелеріне өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру;
5) Ветеринариялық препараттарды мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру және үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеу ұсынылады.
осы ұсыныстар бойынша тиісті шаралар қабылдауын және заңнамада белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруін сұрайды.