"Nur Otan"-ның праймериз додасына қатысушының бұрынғы әйелі мемлекет басшысы мен БАҚ-қа үндеу жариялап, мүлік бөлуге қатысты іске төреші болуын сұрады, деп жазыпты bairaq.kz деген бір сайт.
Nur Otan партиясы бұрынғы әйелі үстінен шағым түсірген праймериз кандидаты Жасан Зекейұлын додадан түсірді.
"30-қыркүйек күні Nur Otan партиясына Гүлия Әлиханқызының 1992 жылы Қытайда некеге тұрған бұрынғы күйеуі Жасан Зекейұлы екеуара мүлік бөлісуге құлықсыз екенін және осы ойын іске асыру үшін жұмыс істеп жатқаны туралы үндеуі келді", – деп мәлімдеді партияның баспасөз қызметі.
Бұл үндеу Нұр-Сұлтан қаласындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында қаралды. Анықталған фактілер негізінде партия ұстанымдарына қайшы келетін әрекет жасағаны үшін Жасан Зекейұлы партия қатарынан шығарылыпты.
"Мен, Әлиханқызы Гүлия, төрт баланың анасымын, мұғаліммін. Менің күйеуім Жасан Зекейұлы – Nur Otan партиясының мүшесі, праймериз қатысушысы, болашақ депутат. Ол барлық күшін және байланыстарын қолдану арқылы мені заңсыз қозғалған қылмыстық іс арқылы түрмеге отырғызуға жұмыс істеуде", – деп жазған еді партия мүшесінің бұрынғы әйелі Президентке жазған үндеуінде.
Гүлия Әлиханқызының айтуынша, ол мұндай ашық үндеу жариялауға күйеуінің жазаланбауы мен құқық қорғау органдарының шара қолданбауынан кейін мәжбүр болыпты.
Медицина ғылымдарының докторы Жасан Зекейұлы "Жас-Ай" шығыс-тибет медицинасы клиникалар желісінің иесі және бас дәрігері болып саналады. Бұл клиникалар Қазақстанның үш қаласында жұмыс істеп тұр.