Қазыналы қарттарға құрмет көрсетілді

Мереке күні Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің отыздан астам ардагерлеріне сый-сияпат жасалды.

"Қартың болса үйіңде, жазып қойған хатпен тең" деген сөздің қасиетін терең түсінетін халқымыз "1 қазан – Қарттар күнін" үлкен құрметпен мерекеледі. Еліміздегі мерекелердің ішінде ұрпақтан ұрпаққа өсиет болып келе жатқан – қазыналы қарттарды сыйлау, оларға қамқор болуды дәріптейтін мерекені Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ұжымы да ұйымшылдықпен атап өтті.

Ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтаған Департамент бастығының орынбасары әділет подполковнигі Е.Ұзақов пен Кадр саясаты бөлімінің бастығы әділет подполковнигі А. Жанаманова елімізде қарттарға үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға тоқталды. Саналы ғұмырларын Отанымыздың өсіп-өркендеуіне арнаған аға ұрпақтың адал еңбегі бүгінгі жастарға өнеге.

Қарттар күніне арналған мерекеде сөз сөйлеген ҚАЖД Ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Сағалбаев та ардагерлердің басын қосып, шуақты мереке сыйлаған Департамент басшылығы мен қарттар күнін атап өтуді ұйымдастыруда іскерлік танытқан Кадр саясаты бөлімінің мамандарына алғыс айтты. Мереке күні департаменттің отыздан астам ардагерлеріне сый-сияпат жасалды.

Сондай-ақ, Департамент қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жылдар қылмыстық-атқару саласында қызмет атқарған ардагер Федор Павлович Дмитриенконы жұбайы 95 жастағы Клавдия Ивановна Дмитриенконы да құттықтап, сыйлық тапсырды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: