Іргеміздегі айырқалпақты ағайындар неге жиі революция жасайды? Қит етсе президентін тақтан тайдыратын көршіміздің әрекеті дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па? Сондай-ақ қазақ пен қырғыздың саяси еркіндігі мен мәдениетін салыстырар болсақ, қай халықтың бағы басым болып отыр?
Осы және өзге де сауалдарға белгілі саясаттанушы Әзімбай Ғали жауап берген болатын, деп жазады arasha.kz сайтында журналист Серік Жолдасбай. Саясаттанушының айтуынша, қырғыздардың көтерілуіне әлеуметтік жағдай себеп болып отыр.
"Бізге қарағанда Қырғыз елінде екі рет революция болып, үлкен өзгерістер болды. Бізде авторитарлық билік болса, оларда ұлтжанды әрі демократиялық билік елді басқарып отыр. Сондықтан халық билікке көп талап қояды. Қырғыз еліндегі көтерілістің жиі болуы экономикалық мәселеге байланысты болуы мүмкін. Мәселен біздің ел 1990 жылдардың ортасынан бастап экономикалық реформалар жүргізіп, 2000 жылдардан бастап тұрмыс жақсара бастады. Ал қырғыздар саяси реформа жасады да, экономикалық реформаға бәлендей назар аударған жоқ. Оларда тұрмыс деңгейі төмен болғандықтан 1 млн астам халық Ресейде жұмыс істейді. Біздің елмен салыстырсақ оларда әлеуметтік және кланаралық қайшылықтар қаттырақ", – дейді ол.
Біздің ел демекші, "Нұр Отан" партиясы праймериз өткізіп, билік тың бастама енгізгендей насихат жүргізіп жатыр. Алайда сайлаудағы саяси еркіндік жағынан қырғыздар бізден оқ бойы озық болып тұрған жоқ па?
"Праймериз "Нұр Отан" партиясының имиджін жақсарту үшін жасалған саяси технология. Бұл белгілі бір деңгейде өзгеріс. Бірақ бұл технологиялық өзгеріс. Алайда праймериз біздің демократиялық елдерден әлдеқайда алыс екенімізді көрсетті.
Ал қырғыздарда нағыз демократия орнаған. Енді олар оны тереңдетуге кетіп бара жатыр. Бірақ қазіргі жағдай оларды саяси экономикалық коллапсқа апаруы мүмкін. Қырғыздар әсірелеп жатса, бізде саяси реформа жеткіліксіз болып отыр. Оларда әлеуметтік-экономикалық нәтижені көрсеткізбей жөнді-жөнсіз президент пен үкіметті қағып тастау орын алды. Оларда тым әсірелеу болса, бізде саяси талап тым төмен. Яғни, біз тым көнбіс, ал олар саяси шыдамсыздық көрсетіп жатыр", – дейді саясаттанушы.
Бір қызығы көрші елдегі Парламент сайлауында Ресеймен бірігуді жақтайтын "Бірлік" партиясы ең көп дауыс жинапты. Жалпы "Ресейге бодан болайық" деген партияның ең көп дауыс алуы ненің белгісі? Сондай-ақ Қырғыз елінде сайлау кезінде "карусель" ұйымдастырылғаны байқалды. Ал Украинада соңғы президент сайлауында заңсыздықтар болған жоқ. Саяси мәдениет жағынан Украина Қырғыз Республикасынан жоғары болып отыр ма?
"Бұған дейін мен қырғыздар егемендік мәселесіне қатты қарайды деп ойлайшы едім. Ал осы жолы қарасам, адасулар басталған секілді. Ішкі партиялық күрес оларға егемендіктен қымбат болып тұр. Менің ойымша, бұл адасудың бір түрі. Украина керемет. Олар майданнан өтті. Бірақ олар Қырымды беріп қойып, Шығыс Украинаға Ресейдің әскерін кіргізіп алды. Қазақ пен қырғыз территориядан айырылған жоқ. Саяси еркіндік жөнінен Украина қырғыздардан бір саты жоғары, ал біз айырқалпақты ағайыннан бір саты төмен болып тұрмыз. Мәселен жеңіске жеткен партиялар бір-бірімен шамалас дауыс жинаған. Біздің "Нұр Отан" партиясы сияқты 80-90 пайыз дауыс жинамағаны оларда демократияның бар екенін көрсетеді. Барлық партиялар өзінің электратымен жақсы жұмыс істеген", – дейді ол.
Әзімбай Ғалидың айтуынша, саяси мәдениет жөнінен қырғыздар Украинаға жете алмайды. Себебі ол саяси мәдениет қала мәдениетіне байланысты қалыптасатынын алға тартып отыр.
"Олардың қалаға келгені қазақпен қатарлас, тіпті бізден кейін болуы мүмкін. Оның үстіне оларда патрихалдық дәстүрлер қатты сақталған. Біздегі рушылдық олармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қырғызда оңтүстік пен солтүстік деп бөліну сұмдық күшті. Ал бізде жершілдік анау айтқандай асқынып тұрған жоқ. Қырғыздарда партияның бағдарламасы емес, жершілдік пен рушылдық бірінші орынға шығады. Сол себепті мен саяси мәдениеті бізден төмен деп санаймын. Әлеуметтік-экономикалық даму және саяси тәжірибе жинағаннан кейін саяси мәдениет қалыптастатын сияқты", – дейді саясаттанушы.