Қазақ ұрылары оффшорға 200 млрд доллар аударды. Оның тек 90 млн-ы қайтарылды

Президенттің "мемлекеттік қызметте жүргендерге шетелдік банктерде шот ашуға тыйым салынсын" деген тапсырмасы бар еді.

Оффшор асқан ақшаны елге қайтару керек. Шенеуніктердің заңсыз кірісіне тосқауыл болу керек. Көлеңкелі экономиканың кесірінен бюджетке келетін шығындарды жою керек. Сыбайлыс жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов ұрланған қыруар қаржыны түгендеудің жолдарын ұсынды. Тыңдасақ, ананы үйту керек, мынаны сөйту керек. Негізі кезінде-ақ оның бәрін бүйту керек еді. Керек-керек деп жүргенде тағы қанша ақша ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете бермек? Нақты, нәтижелі жоспар бар ма?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Иә, халыққа қызмет етіп жүріп, мемлекет қаржысын жымқырып, шетел асыратындардың қарасы азаяр емес. Мысалы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың мәліметінше, ел тәуелсіздік алғалы өзге елдің есеп-шоттарына біздің жемқорлар 200 миллиард долларды аударған. Қыруар қаржының осы уақытқа дейін тек 90 миллионы қайтарылыпты. Мұны Алик Шпекбаев басқаратын ведомтсводағылар біледі. Сондықтан оның орынбасары офшорлық есепшоттарды жұмысын тоқтатуға ниетті.

Олжас Бектенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

"Оффшорларды, негізі, жабуымыз керек. Осы мүмкіндікті біздің шенеуніктер пайдаланады және заңсыз тапқан кірістерін шетелге шығарып, заңбұзушылыққа барады. Оның жолын кесу керек. Бұл бағытта жұмыс жалғасады".

Олжас Бектенов осы мәселе төңірегіндегі Президенттің: "мемлекеттік қызметте жүргендерге шетелдік банктерде шот ашуға тыйым салынсын" деген тапсырмасы бар екенін де еске салды. Айтпақшы, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы ақ жағалылар арасында жемқорлықты жоюға арналған заңға қол қойды. Жаңа құжатта мемлекеттік қызметкерлер ешқандай сыйлық ала алмайды. Тәртіпке бағынбағандары жазасыз қалмайды.

Олжас Бектенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

"Мемлекеттік функциоларды атқаруға уәкілетті тұлғаларға, оларға теңестірілген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік қызметті атқаратын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға жасаған заңды әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін құны 2 АЕК сыйлықтар тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Жеке немесе заңды тұлғалар аталған заңсыз сыйлықтар беру әкімшілік-сыбайлас жемқорлық болып саналады".

Жаңа заңда мемлекеттік лауазымға үміттілерге де біршама талап қойылған. Соның бірі үміткердің болашақ жұмысында туысының болмауы. Егер де бір жақыны, ағайыны, жұбайы бола қалса, сондағы басшылыққа оны жазбаша түрде хабарлауы тиіс.

Марат Бәшімов, құқықтанушы:

"Мына заң неге маңызды? Өйткені бұл еуропалық конвенцияларды, Біріккен Ұлттар Ұйымының конвенцияларына, парақорлықпен күресетін ең маңызды нормаларды кіргізіп отыр".

Жемқорлыққа қарсы агенттігі "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына" сыртқы сараптама жүргізбек. Өйткені құзырлы орган қор мамандары індет кезінде еліміздің бірқатар өңірінде өкпені жасанды желдету аппараттарын жоғары бағамен сатып алғанын анықтаған. Сондай-ақ ведомстводағылар таяуда "СҚ-Фармация"-ға қатысты талдау жұмыстарын аяқтапты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: