Коронавирус пандемиясы әлем экономикасын құлдыратып жіберді, деп хабарлайды "Хабар 24".
Біріккен ұлттар ұйымы келтірген дерекке сәйкес, жыл басынан бері індеттен әлем елдерінің 90 проценті зардап шеккен. Осы уақыт аралығында түрлі саланың жұмысы тұралап, миллиондаған азамат табыс көзінен айырылды. Биыл әлем экономикасы соңғы 80 жылда болмаған рецессияға тап болуы мүмкін. Ресей есеп палатасының мамандары осындай болжам жасады.
Айтуларынша, бұған дүние жүзі бойынша коронавирус жұқтыру деректерінің артуы себеп. Осыған байланысты халықаралық ұйымдар да әлем экономикасының дамуына қатысты болжамдарын қайта қарап, түзетулер енгізді. Мәселен, Дүниежүзілік банк, 2020-2021 жылдары әлем экономикасы 5,2 процентке төмендейді десе, Халықаралық валюта қоры осы уақыт аралығында жалпы ішкі өнім 4,9 процентке қысқарады деп топшылайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тұспалы да осыған ұқсас.
Лоуренс Бун, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бас экономисі:
– Әлем экономикасы бұған дейінгі жасалған болжамдардан жылдамырақ қалыпқа келмейді. Біз әлі талай айлар бойы ковидпен өмір сүруімізге тура келеді. 2021 жылдың соңына дейін әлемдік ЖІӨ 7 триллион долларға қысқарады.
Жалпы әр саланы саралап қарайтын болсақ, қазір кез келген индустрия миллиардтаған доллар шығынға батып жатыр. Әсіресе, туризм. Ресми мәлімет бойынша тек биылдың өзінде туризм саласы 730 миллиард доллар шығынға батқан. Ал туристік сапарлар саны 70 процентке азайыпты. Осыған байланысты әуе компаниялары аман қалудың амалын іздеп, жұмыс орындарын жаппай қысқарта бастады.
Шинья Катанозака, ANA холдингінің президенті:
– Ұшақ рейстерінің саны мен қызметкерлерге кететін шығындарды азайтамыз. Болжамымызға сәйкес, биыл біз 10 миллиард доллар шамасында шығынға ұшыраймыз.
Ал Еуропа әуежайларында жолаушылар саны 3 есеге қысқарған. Мұның бәрі карантиндік шектеулердің салдары. Жағдай осылай жалғаса берсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 80 процентке дейін қысқаруы мүмкін. Женева әуежайының бас директорының айтуынша, дағдарыстың салдарын еңсеру үшін жылдар қажет екен.
Андре Шнайдер, Женева әуежайының бас директоры:
– Табысымыздың 95 проценті тікелей немесе жанама түрде жолаушылармен байланысты. Сондықтан да біз кірісіміздің басым бөлігінен айырылып жатырмыз. Шығындарды азайту үшін көптеген шараларды да қабылдадық. Алайда оны тез арада шешу мүмкін емес.
Екінші толқын аяқталып, әлемде вакцина ойлап табылмайынша, мәселенің түпкілікті шешілмейтіні айтпаса да түсінікті. Өйткені соңғы күндері төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы елдер қайтадан шектеу шаралары мен локдаун енгізе бастады. Салдарынан қызмет көрсету, мәдениет пен спорт салалары шығынға белшеден бата бастады.
Кампино, рок-музыкант:
– Елдегі шектеу шараларына байланысты 1 миллионнан астам адам наурыздан бері ешбір табыс көзінсіз өмір сүруге мәжбүр. Бір мезетте жұмыс істеуге тыйым салып, адамды табыссыз қалдыру сұмдық қой!
Коронавирустан қазір миллиардерлер де зардап шегіп отыр. Өткен тәулікте әлемнің ең дәулетті он адамы жалпы алғанда 34 миллиард доллардан айырылып қалды. Қалталы азаматтардың табыстан айырылуына қор биржаларындағы дүрбелең түрткі болса керек.