Атырау облысы басшысы Махамбет Досмұхамбетов іссапармен Исатай ауданына барып, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты,- деп хабарлайды zakon.kz Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл - облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің Исатай ауданына тоғыз айдың ішінде екінші рет жасап отырған сапары. Бұған дейін алты ауданға арнайы барып, әлеуметтік мәселелермен танысып, халықтың тұрмыс-тіршілігін көрген болатын.
Құрамына 7 ауылдық округ пен 16 елді мекен кіретін, халқының басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатын Исатай ауданында қазіргі кезде 28 мыңға жуық тұрғын бар.
Облыс әкімінің сапары Х.Ерғалиев ауылынан басталды. Ауылдағы құрылысы жүріп жатқан инжерелік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың жұмысын көріп шықты.
"Ауылда жаңадан салынып жатқан 133 тұрғын үйге арналып газ, су, электр жарығы жүргізіліп жатыр. Жұмыс уақытылы түрде жасалуда. Газ бен су құбыры жұмыстары аяқталып, тапсырылғалы тұрса, "Жайық-жарығы" ЖШС-мен жүргізіліп жатқан электр желісі жұмыстары біткен соң, ауыл тұрғындарының баспана бойынша арыздары қанағаттандырылады",- дейді Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденова.
Сапар барысында аймақ басшысы аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан 100 орындық жатақханасы бар Кәсіптік лицей, 60 пәтерлік тұрғын үй, кәріз жүйесі, өрт сөндіру депосы мен ауылішілік автокөлік жолдарының жұмыстарымен және Жанбай ауылындағы 200 орынды мешіт құрылысымен танысты. Одан кейін Нарын ауыл ішінен салынып жатқан жол мен ауылдық кубтың жұмысымен танысты.
Қазіргідей күрделі уақытқа қарамай жасалып жатқан жұмыстарға ауыл тұрғындары риза екендерін білдірді.
"Аққыстау селосында 1974 жылдан бері тұрып келемін. Мені соңғы уақыттағы жасалып жатқан жұмыстар қуантады. Әсіресе, "Жастар" аллеясы мен Исатай бабамыздың ескерткішінің салынып, тұрғын үйлердің бой көтеруі, ауылішілік жолдардың жөнделуі халық игілігі үшін жасалып жатқан ізгі жұмыстар. Жерлестеріміздің мұндай иігілікті істерге көңілдері марқайып жүреді",- дейді ауыл тұрғыны Бауыржан Төлепов.
Сонымен қатар, Махамбет Досмұхамбетов ауданның COVID-19 туындауы мүмкін екінші толқынына дайындығымен де танысты. Осы негізде аудандық аурухана мен 3 жарым мыңға жуық халқы бар Жанбай ауылының дәрігерлік амбулатория жұмысын көзбен көрді. Мұндағы дәрігерлердің дайындығы, дәрі-дәрмектер мен бір реттік қорғаныш құралдары қорының қаншалықты екенін өзі тексеріп шықты.
Ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен қоса, түйінді мәселелер де бар екен. Айталық, "Тұщықұдық" ауылдық округі әкімі аппаратының ғимараты 1975 жылы салынып, қазіргі таңда тозығы жеткен. Бұған қоса, Новобогат саз мектебі мен Жанбай полиция бөлімшесі ғимараты таршылық қылуда. Аймақ басшысы, аудан әкімімен бірлесе отырып тиісті басқарма басшыларына проблемалық сұрақтарды шешуді тапсырды.
Аймақ басшысы аудан әкімі мен жауапты тұлғаларға жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуын қадағалауды, COVID-19 екінші толқыны туындай қалған жағдайда дайын болып, қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар азайған жағдайда ертерек тапсырыс беріп, қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Ал, қаржы қажет етілетін нысандар мәселелері мүмкіндігінше сұранысқа сай, тиісті ведомстволармен ақылдаса отырып, қажетті қолдаулар жасалатындығы жеткізілді. Сондай-ақ инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын көптеп ашуға тапсырма берді.
Облыс әкімі ауданның қазіргі даму қарқынын, жасалып жатқан жұмыстарды жақсы бағалады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы көрсеткіштеріне келер болсақ, аудан бойынша 8 жарым мыңдай түйе, 19 мыңға жуық жылқы, 20 мыңнан астам мүйізді ірі қара, 39 мыңға жуық қой-ешкі болса. Биыл 4800 тонна ет, 3800 тонна сүт, 105 мың дана жұмыртқа өндіріліп, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4 978,3 млн теңгені құраған.
Сондай-ақ, экономиканың барлық салаларында 1334 жұмыс орны ашылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 64,5 пайызға артқан.