ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мәжіліс депутаттарының зейнет жасын төмендетуге қатысты ресми сауалына жауап берді, деп хабарлайды zakon.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Қазіргі уақытта зейнетақымен қамтамасыз ету барлық үш деңгейде де (ынтымақты, базалық және жинақтаушы зейнетақы) еңбек өтіліне байланыстырылған. Бұл ретте ынтымақты зейнетақының мөлшері біртіндеп төмендейді. Өйткені, оны тағайындау барысында 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі ғана, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Ынтымақты зейнетақының азаятын мөлшері міндетті зейнетақы жарнасын аудару кезеңінің артуы есебінен зейнетақының жинақтаушы бөлігі мөлшерінің өсуі арқылы өтелуі тиіс. Базалық зейнетақы зейнет жасына жеткен барлық тұлғаға зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты (1998 жылға дейін және осы датадан кейін де) ең төменгі күнкөрістің 54-тен 100 пайызына дейінгі мөлшерде беріледі. Яғни, ұзақ уақыт жұмыс істеген сайын базалық зейнетақы мөлшері де жоғары болады", - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылар үшін жеткілікті зейнетақы жинағы болған кезде зейнетақы аннуитетін сатып алу құқығы сақталған. Сол арқылы әйелдер 51,5 жастан, ал еркектер 55 жастан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемін тағайындай алады.
"Орын алған экономикалық ахуалды, халықаралық тәжірибені және экономикалық әрі демографиялық факторларға негізделген ұзақ мерзімді өзекті болжамды ескере отырып, зейнет жасын көтеру қажеттілік саналады. Жұмыспен қамтылған халыққа зейнеткерлер санының арақатынасы артып келе жатқанын да ескерген жөн. Егер 2010 жылы 1 зейнеткерге 4,8 жұмыс істеуші болса, 2015 жылы 4,3, ал 2019 жылы 3,9 жұмысшы болды. Бұған қоса, халықаралық тәжірибеге жүргізілген шолу қарт адамдар үлесінің артуының тұрақты тенденциясын көрсетіп отыр. Бұл да еңбек нарығындағы ахуалға ықпал етеді. Орташа есеппен алғанда әлемде 65жастан асқан тұлғалардың үлесі 10 пайызға өсетіндігін болжанып отыр. Бұл да өз кезегінде зейнетақы жүйесінің тұрақтылығына әсерін тигізеді. Осыған орай зейнет жасын көтеру әлемнің көптеген елінде орын алуда. Осылайша, зейнет жасын көтеру халықаралық тәжірибеге сай келеді және әлемдегі экономикалық және демографиялық ахуалға байланысты орын алады", - деді Асқар Мамин.