ҚР Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймарданов 2020 жылғы қазандағы іскерлік белсенділік индексі туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды zakon.kz.
Оның дерегінше, іскерлік белсенділік индексі қазан айында біршама өсіп, 48,8-ге дейін тағы 1,2 тармаққа жақсара түсті.
Іскерлік белсенділіктің ең көп өсуі өнеркәсіп саласында байқалды. Мұнда индекс қыркүйектегі 47,8-ден 49,6-ға дейін өсті. Қызмет көрсету саласында индекс 48,6-ға дейін 1,3 тармаққа көтерілді. Құрылыста көрсеткіш жаңа тапсырыстар санының төмендеуіне байланысты 47,6-ға дейін – 1,5 тармаққа төмендеді.
Өткен айда өңірлер арасында Алматы, Павлодар және Маңғыстау облыстарында іскерлік белсенділік индексінің айтарлықтай жақсарғаны байқалды. Өзгелерге қарағанда Шымкентте индекс едәуір төмендеді.
Қазанда бизнес ахуалының индексі қыркүйектегі оң аймаққа өткеннен кейін қайтадан құлдырап, 0,0 болды (осы жылғы қыркүйеқте – (2,0). Респонденттер биылғы қарашада болашақ бизнес ахуалдың қазандағы 4,5-тен 2,3-ке дейін нашарлай түсетінін болжап отыр.
Іскерлік белсенділік индексі кәсіпорындардың қазіргі көрсеткіштері мен олардың болашақтағы өзгерістері бойынша негізделіп, сол жайындағы пікірлерге сай қалыптасады. Қазанда пікіртерімге 451 кәсіпорын қатысты: қызмет көрсету саласында – 217, өнеркәсіп саласында – 170, құрылыс саласында - 64.