Өскемендегі саяжай тұрғындары қалаға қатынаудың қиындығына шағымданды

Бар-жоғы екі-ақ автобус жүреді, бірақ оның өзі кей күндері қатынамай қалады.

Өскемен іргесіндегі алты бірдей саяжай бірлестігінің тұрғындары қалаға қатынай алмай әбігерге түсуде. Бар-жоғы екі-ақ автобус жүреді, бірақ оның өзі кей күндері қатынамай қалады, дейді. Ал, қоғамдық көлік жүргізушілері шұрық-тесік жолдар жүруге жарамайды деп шағымдануда. Биыл қала билігі жолды жөндеп, автобустың мәселесін шешіп береміз деп уәдені үйіп-төккен. Бірақ, мәселе жабулы қазан күйінде қалыпты. Шенділер берген уәде қашан орындалады?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қала билігі уәдесін орындамаған соң саяжай тұрғындарының шыдамы таусылып, бүгін жалғыз аялдаманың жанында жиналды. Үш мыңға жуық тұрғыны бар елдімекенге күніне тек екі-ақ рет қатынайтын көрінеді. Тіпті кей күндері қоғамдық көлік саяжайға мүлдем жүрмей қалатындықтан қалаға жаяу барамыз, дейді ашынған жұрт.

Ермек Ысқақов, саяжай тұрғыны:

Уәде бергендеріне 5-6 жыл болды. Жол алыс та емес. Бір км жол. Баратын қанша халық, кешке қайтады түгел. Оқушы, садик баратындар бар. Қараңғы түскенде өріп жүрген иттер көп!

Осылайша тұрғындар саяжай әкімшіліктің назарынан тыс қалғанына наразы. Шенділерге талай рет құжат өткізіп, өтініш айттық. Алайда ешқайсысы төбе көрсетпеді деп налиды.

Мария Васильева, саяжай тұрғыны:

Әкімшілік жолға ақша бөлдік. Биылғы жылы міндетті түрде жөндейді деп уәде айтты. Бірақ 15 жыл бойы түк өзгерген жоқ. Әкімшілік, ақша қайда кетті?

Ермек Ысқақов, саяжай тұрғыны:

Алты садов.общ қосқан кезде барлығы 1000 семья тұрады. Әр қайсынсын есептеген 3000 адам қыстайды. Үш мың адамға әкімге құлағына жетсің, далаға қалдырады ма?. 1 км салып беруге облыс, әкімдер естісін деп айтып отырмыз!

Тозығы жеткен жол қоғамдық көлік жүргізушілерін де әбден шаршатқан. Автобустары қайта-қайта бұзылып, жүруге жарамсыз болып қалғанын айтады. Ал кейбір көлік жүргізушілері саяжайға барудан бас тартқан!

Мұратбек Иканшинов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

Жолды көрдіңіздер ғой, неше жыл болды жөнделмей жатыр. Шыға алмай қаламыз! Тозып кетеді, басқа маршрутканы кім біздің орнына қоя берді! Екі автбоус жүреді, арақашықтық 1 сағат! Автобус көп сынады.

Ал, қала билігі жол мәселесін алдағы уақытта шешіп береміз деп сендірді. Күні кеше тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы өкілдері саяжай тұрғындарымен кездесу ұйымдастырыпты.

Владимир Землянский, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз қызметінің өкілі:

Бүгінгі таңда саяжаларға баратын автобустар өз маршруттарын тоқтатқан жоқ. Қоғамдық көлік күніне екі рет қатынайды. Шұрық тесік жолдарды қайта қалпына келтіреміз. Мәселе айтылған күні жолды жөндеуге кірістік.

Осылайша, 15 жыл бойы жөндеу көрмеген шұрық тесік жолдың мәселесі алдағы уақытта шешілмек. Ал автобустар саяжай тұрғындарына уақытылы қатынап, қызмет көрсетеді дейді әкімдіктегілер.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: