Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы "Nur Otan" партиясының аймақтық сайлауалды штабтарының басшылары тағайындалды. Бұл туралы партияның тиісті филиалдарының конференциялары барысында белгілі болды, деп хабарлайды zakon.kz.
Шымкентте жетекші партияның сайлауалды штабын қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов басқарады. Бұған дейін ол 2019 жылы Президент сайлауында қалалық штабқа жетекшілік еткен.
Алматыдағы сайлауалды штабтың жетекшісі болып белгілі қоғам қайраткері, "Тұран" университетінің ректоры Рахман Алшанов тағайындалды. Оның электоралды кезеңде атқарған жұмыс тәжірибесі бар. Ол 2011, 2015, 2019 жылдардағы Президент, сондай-ақ 2012 және 2016 жылдардағы Мәжіліс пен мәслихат сайлауларында өңірлік штабты басқарды.
Нұр-Сұлтан қаласында партияның сайлауалды штабын "Nur Otan" партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қаналимов басқарады. 2019 жылғы Президент сайлауында ол елордалық штабты басқарды.
Қалған 14 өңірдегі облыстық сайлауалды штабтарды кім басқаратыны алдағы аптада белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін "Nur Otan" партиясы өңірлік филиалдардың конференция кестесін жариялаған болатын, оның барысында барлық деңгейдегі мәслихаттарға партиялық тізімдер және әр өңірден мәжіліске партиялық тізімге кандидаттар анықталады.
Бүгінге дейін Шымкент, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының конференциялары өтті. Алматы, Қарағанды және Қызылорда облыстарында 16 қарашада, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында-17 қарашада конференция өткізу жоспарланған.