2020 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған саяси партиялардың, Бас прокуратураның, әділет, ішкі істер және қаржы министрліктерінің өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде аумақтық сайлау комиссиялары, онлайн режимінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды zakon.kz ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыста екі мәселе қаралды:
1.Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына "Қазақстан Халық партиясының" партиялық тізімін тіркеу туралы";
2. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйым мен шет мемлекеттер байқаушыларын аккредиттеу туралы".
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Смағұлов Асылбек баяндама жасады.
Ол 2020 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына "Қазақстан Халық партиясы" қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну туралы құжаттарды ұсынғанын хабарлады.
Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін кандидат Қазақстан Республикасының азаматы болуға; Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 10 жылда тұруға; 25 жастан кіші болмауға; белсенді сайлау құқығына ие болуға тиіс. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес бір саяси партиядан тізімге енгізілген адамдардың саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан отыз пайызға аспайтын бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі. Партиялық тізімде әйелдер мен жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде отыз пайызын құрауға тиіс.
"Қазақстан Халық партиясы" 114 адамнан тұратын партиялық тізім ұсынды.
Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясына азамат Г.К. Қайыржановтың өз кандидатурасын партиялық тізімнен қайтарып алу туралы өтініші келіп түсті. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық Заңның 90-бабына сәйкес партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына бұл туралы жазбаша өтініш бере отырып, өзінің кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Мұндай жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адамды шығарып тастау туралы шешім қабылдайды.
Осылайша, Қазақстан Халық партиясының партиялық тізімінде 113 адам бар. Оның ішінде: 41-і әйелдер және жиырма тоғыз жасқа толмаған адамдар, олар тізімге енгізілгендердің жалпы санының 36,2 пайызын құрайды.
Уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін "Қазақстан Халық партиясы" қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен "ҚР сайлау туралы заңы" талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді.
"Қазақстан Халық партиясы" қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар Конституция мен "ҚР сайлау туралы заңы" талаптарына сай келеді.
Осыған байланысты, Ортсайлауком мүшелері "Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында "Қазақстан Халық партиясы" қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін тіркеу туралы" қаулы қабылдады.
Отырыстың екінші мәселесі бойынша Ортсайлауком мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасады.
Ол 2020 жылғы 22 қазанда сайлауды халықаралық бақылау институты ашылған сәттен бастап Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2 отырысы өткізіліп, 39 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Оның ішінде: ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан 29 байқаушы; ТМД байқаушылар миссиясы құрамынан 6 байқаушы; Ислам ынтымақтастығы ұйымынан 4 байқаушы.
Аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар бойынша деректер жаңартылып отырады. Мәселен, 2020 жылғы 7 желтоқсандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына Сыртқы істер министрлігінен аккредиттеуге ЕҚЫҰ ДИАҚБ-нан 12 бақылаушының және 5 шет мемлекеттен 11 бақылаушының кандидатуралары ұсынылды. Оның ішінде: Иордания мемлекетінен - 3 байқаушы; Қырғыз Республикасынан, Мальдив Республикасынан, Молдова Республикасынан, Түркия Республикасынан-әр мемлекеттен 2 байқаушыдан.
Отырыстың екінші мәселесі бойынша "Халықаралық ұйым мен шет мемлекеттер байқаушыларын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысы қабылданды.
Осылайша, 2020 жылдың 7 желтоқсанына 62 халықаралық байқаушылар аккредиттелді.
Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу дауыс беру күніне бес күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-де, яғни 2021 жылдың 4 қаңтарында сағат 18.00-де аяқталады.