Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен Палата Бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды, деп хабарлайды zakon.kz мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Депутаттар қарауына бірінші оқылымда микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасы ұсынылды. Сонымен қатар ратификацияланатын заң жобалары да қарастырылған.
Олар: Қазақстан Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын құру туралы, сондай-ақ, Қазақстан мен Грузия арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімдер бар. Екінші оқылымда депутаттар техникалық реттеу және жол жүрісіне қарасты заң жобаларын талқыламақ.
Алдағы жалпы отырыста дене шынықтыру мен спортқа қатысты заңнамалық жаңалықтарды талқылау жоспарлануда. Күн тәртібінің жобасында мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу және отбасылық және гендерлік саясат мәселелеріне қатысты заң жобаларымен жұмысты жалғастыру ұсынылды.
Сонымен қатар Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алады.