Күйеуінің қыспағына ұшырап, ақыры мерт болған астаналық келіншектің әкесі үндеу жасады

Ол күйеубаласы психиатриялық клиникаға "тыққан" қызының дені сау болғанын дәлелдейтін дәрігерлік комиссияның шешімі қолында бар екенін айтады.

Өз-өзіне қол жұмсап, мерт болды деген қазақ аруы байқауының жеңімпазы Сымбат Құлжағарованың әкесі желіде видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды zakon.kz.

Боранғали Құлжағаров әлеуметтік желі арқылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінен, Бас прокуратурадан, Жоғарғы сот пен Ішкі істер министрлігінен көмек сұрады.

"Халықтың аянышын, ашу-ызасын туғызған қызымның басына түскен жайт оның мәңгілік сапарына ұласты. Мен қызымның дені сау болғанына еш күмән келтірмеймін. Оған 2020 жылы 21 қазанда шыққан дәрігерлік комиссияның қорытындысы дәлел, оны отбасы мүшесі ретінде мен де растаймын. Осыған байланысты қазіргі таңда тергеліп жатқан қылмыстық істі өз бақылауларыңызға алып, оның жан-жақты, толық әрі объекті зерттелуін сұраймын" делінген видеода.

"Сымбатты құтқарыңдар!". Өткен айда әлеуметтік желіде осындай үндеу тарап кеткен еді. Желіде өзін Сымбат Құлжағарованың әпкесі деп атаған әйел жұрттан көмек сұраған. Оның айтуынша, сіңлісі күйеуінен ажырасқысы келген. Бұған жауап ретінде күйеуі әйелді ұрып-соғып, артынан екі баланы өзіне алып, әйелді психиатриялық клиникаға орналастырған. Оны ата-ана құқығынан айырамын деп қорқытқан.

10 желтоқсанда Сымбат Құлжағарованың өз-өзіне қол салғаны белгілі болды. Оның денесі Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласынан табылды. Полиция "Суицидке жеткізу" бабы бойынша іс қозғады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: