Елімізде қаржы пирамидасына соңғы тиынын салып, сан соғып қалғандардың қарасы көбеймесе азаймай тұр. Ғаламторды мұқият зерттеп, адам психологиясын жақсы меңгергендер қарапайым халықтың ақшасын жылдам әрі оңай алудың осы бір тәсілін карантин кезінде де ұтымды пайдалануда, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Телефон нөмірімді кімнен алды? Бұл сұрақты алданғандардың басым бөлігі өздеріне ең соңында ғана қояды екен. Өйткені, оған дейін азғантай ғана ақшасын еселеп, тіпті үй алып, шет елге шығасаң деген жарнамаларды жаудыратын алаяқтардың сөзіне үмітпен қарайды. Солардың бірі Бақытжан Ербол. Инновациялық робот сіз үшін биржа ойнап, қомақты қаражатқа кенелесіз дегенді естігенде еш ойланбастан қалтасындағы барын салып жіберген.
Бақытжан Ербол, қала тұрғыны:
Москвадан звандады. Осындай біз мықты компаниямыз, бізге ақша салыңыз, біз биржада ойнаймыз, біз теңдесі жоқ инновациялық робот шығарғанбыз, сол робот сенің орныңа сауда жасайды, биржада ойнайды. Мен сол компанияға сеніп мың доллардай ақша салдым. Шыны керек, алданып қалдым.
Сонымен қатар әлеуметтік желіні жақсы меңгергендер "азын-аулақ ақша салып, бірнеше есе көбейтіп бірер күннің ішінде аласың" деп те үндеу тастайды екен. Мамандар ғаламтор шексіз болғандықтан, оның қай жақтан бастау алатындығы да белгісіз дейді. Өйткені, танысының жазбасына сеніп, жаңылғандар жетерлік.
Ернар Оразбаев, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі директорының орынбасары:
Карантин кезінде қаржы алаяқтары азаматтардан ақша табудың әр түрлі схемаларымен айлакерлік танытып көрсетіп отыр. Қаржы пирамидаларының жұмыс істеуі қандай, қызметтердің түріне жабынып жұмыс істеу мүмкіндігі туралы біз ашық және көптеген ақпараттарды таратып түсіндіріп отырамыз.
Қаржы пирамидасынан зардап шеккен тұлғалар полицияға шағым түсірген жағдайда қылмыстық іс тоқтатылатынын айтады. Себебі қылмыстың құрамы жоқ. Өйткені жұртшылық ақшасын ерікті тұрде салғандықтан, қылымыс болып саналмайды екен. Сондықтан адвокат жалдап азаматтық сотқа жүгінуге мәжбүр болады. Осыған орай қаржы пирамидаларына тосқауыл қою үшін мемлекеттік деңгейде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, түсіндіру жұмыстары қолға алынған.