Ордабасы ауданында "Халық үнін" мемлекетке жеткізетін жүйе іске қосылды

"AIKEY" жүйесі тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді бағдарлама арқылы тиісті бөлімдерге жедел жолдап, мерзімін белгілейді.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай Ордабасы ауданында болып, "AIKEY" жүйесімен жұмыс жүргізетін "Сервистік әкімдіктің" ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды zakon.kz.

Аталған халықтық кеңседе жергілікті аудан тұрғындары үшін 8 дербес бөлімдер, атап айтсақ жер қатынастары, ауылшаруашылық, тұрғын-үй шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар мен білім бөлімдері бойынша жалпы саны 8 маман 74-ке жуық мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетіп, ашық кеңістікте аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін қабылдайды.

"Ордабасы – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің аясында ашылған "Сервистік әкімдіктің" басты ерекшелігі – жаңа нысанда "AIKEY" жүйесі тұрғындар тарапынан түскен өтініштерді бағдарлама арқылы тиісті бөлімдерге жедел жолдап, мерзімін белгілейді. Арыз-шағымдарға жауап беру деңгейіне сараптама жасап, бөлім басшылары мен ауыл округі әкімдерінің рейтингін түзеді.

Бұл жаңа жүйе өз кезегінде тұрғындар тарапынан жазылған өтініштің қаралу сатысы мен оны зерделейтін жауапты маманды аталған бағдарлама арқылы бақылап отыруға мүмкіндіктері береді.

Сондай-ақ, "бір терезе" қағидасы бойынша жұмыс істейтін жаңа кеңседе 7-94-94 және 8-700-307-91-94 байланыс орталығы іске қосылған. Мұнда жауапты 2 оператор азаматтардың өтініштерін жедел қабылдау арқылы қызмет көрсетеді.

Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асырудағы негізгі міндеттер осы заманауи ғимараттың қабырғасында жүзеге асатын болады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: