Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қаңтар күні жарияланған "Тәуелсіздік бәрінен қымбат" атты мақаласында "шетелдіктердің" Қазақстан аумағы туралы айтқандарына реакция білдіріп, елдегі "саяси реформалардың" жүзеге асу барысына тоқталған, дейді centralasian.org.
"Аумақтық тұтастығымызға күмән келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел азаматтарының арандатушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере отырып, ағартушылық жұмыстарын ұстамдылықпен жүргізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді" делінген мақалада.
Желтоқсан айының басында Ресей мемлекеттік думасының екі мүшесі Қазақстанға қазіргі жерін Ресей сыйлаған деп мәлімдеген еді. Бұл қоғамда қызу талқыланып, ізінше Қазақстан СІМ Ресейдің уақытша өкіліне нота тапсырғанын хабарлаған. Тоқаев мақаласында ешкімнің аты-жөні айтылмайды. Бірақ жергілікті БАҚ мұны президенттің Ресей думасы депутаттарының сөзіне реакциясы ретінде қабылдаған.
Тоқаев мақалада сонымен бірге 2021 жылы ауыл шаруашылық жерлерін пайдалануға қатысты жарияланған мораторий мерзімі аяқталатынын еске салып, "қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды" деп тұжырымдаған. Дегенмен абзац соңында "ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу" мәселесін де көтеріп, жер комиссиясын құру қажеттігін алға тартқан.
Саяси реформа жүргізу жөнінде уәде беріп, оның жүзеге асуына байланысты жиі сыналатын Тоқаев мақалада "саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес, мұны ел іргесін шайқалтпай, біртіндеп іске асыруымыз керек" деп атап өткен. Ол бұл тұрғыда "асығыстыққа бой алдырып, жалаң ұранға еріп кетпеуге" де шақырған.
Тоқаев "бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз" деп бір тоқтаған. Бірақ нақты қай елдерді айтып отырғанын ашып жазбаған. Ол алдағы сайлауды "көппартиялы парламент" қалыптастыру жолындағы маңызды қадам деп атап, елдегі "саяси көзқарасы әртүрлі партияларды" шолып өткен.
Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Билік мақтап, көптеген сарапшылар сынаған сайлау туралы жаңа заңға сәйкес, оған тек саяси партиялар ғана қатыса алады. Тәуелсіз кандидаттар қатыса алмайды. Саяси сарапшылар билік "тәуелсіз белсенділердің партиясын тіркемеді", "шынайы бәсекелестерін қудалап, сайлауға жібермеді" деп санайды. 2019 жылғы наразылықтардан кейін құрылған ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өкілдері сайлау және саяси партиялар, бейбіт жиын туралы заңдарды "үлкен өзгеріс" деп атаған.
Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте билікті қолдайтын үш саяси ұйымның: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол" партиясы және Қазақстан халықтық партиясының өкілдері отыр.