Алматы облысының полицейлері жолда жанармайы таусылып қалған тұрғынға көмектесті. Талғар аудандық полиция бөліміне Талғар АПБ ЖПҚБ ППР қызметкерлеріне қиын жағдайда көрсеткен көмегі үшін алғыс айтқан азаматтан бейнеөтініш келіп түскен, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
30 желтоқсан күні Талғар АПБ ЖПҚБ ППР қызметкерлері полиция аға лейтенанттары Жалимбетов Даурен мен Тұрғанбеков Әсет патрульдеу барысында, жол бойында тұрған "Мерседес" маркалы автокөлігіне назарлары түскен. Полицейлер мән-жайды білу үшін тоқтап, жүргізуші жанына жеткен. Жүргізуші инспекторларға жанармайы таусылғандықтан, жолда қалғанын, сонымен қатар, ол жақын маңдағы жанармай құю станциясына жету үшін өзгелерден көмек ала алмағанын айтып түсіндерген.
Өз кезегінде, тәртіп сақшылары ойланбастан, қызметтік автокөлікпен азаматтың автокөлігін арқанға байлап, жақын маңдағы жанармай құю станциясына жеткізген.
Инспекторлардың көмек көрсеткені туралы жүргізуші өзінің бейнежазбасында хабарлап, полицейлерге шын жүректен алғысын айтты.