Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Transparency Kazakhstan атқарушы директоры Ольга Шиян Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен іске асырылған "2020 жылғы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық жай-күйінің мониторингі" зерттеуінің нәтижелерін таныстырды, деп хабарлайды zakon.kz.
Transparency Kazakhstan сарапшылары қалалардың, облыс және аудан орталықтарының деңгейінде 9 000 респондентке сауалнама жүргізіп, "Ашық диалог" порталына келіп түскен 1 347 шағымды талдады.
Зерттеуге 200-ге жуық далалық әлеуметтанушылар мен 12 талдаушы қатысты, олар осы күзде республикалық маңызы бар 3 қалада, 14 облыс және 143 аудан орталықтарында сауалнама жүргізді. Әдістеме Transparency International-дің екі жаһандық зерттеуіне – тұрғындардың сыбайлас жемқорлық тәжірибесін өлшейтін әлемдік сыбайлас жемқорлық барометрі мен қоғамдық дискурстағы сыбайлас жемқорлық тақырыбының өзектілігін бағалайтын сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне негізделген, - деп атап өтті О.Шиян.
Азаматтардың 37,4%-ы және кәсіпкерлердің 45,9%-ы соңғы жылы олардың елді мекендеріндегі сыбайлас жемқорлықтың төмендегенін көрсетті. Респонденттердің 11,3%-ы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа тап болған (2019 жылы 13,4%). ШОБ өкілдерінің 8,2%-ы мемлекеттік органдарға жүгінген кезде мәселені бейресми жолмен шешу қажеттілігіне тап болған (2019 жылы 9,2%).
Бизнес-қоғамдастықтағы жағымды көріністі атап өткен жөн: сұралған кәсіпкерлердің 80%-дан астамы Қазақстанда пара бермей-ақ, тек құқықтық салада жұмыс істей отырып, өз бизнесін дамытуға әбден болады деп есептейді.
Азаматтар мен бизнес-қоғамдастықтардың пікірінше, Президент (70%), Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (63% және 65%), Үкімет (59% және 62%), Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (55% және 59%) және "Nur Otan" партиясы (53% және 55%) барынша сенімге ие.
Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 60%-дан астамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте көмек көрсетуге дайын екендіктерін хабарлады.
Сауалнама нәтижелері бойынша адамдар сыбайлас жемқорлыққа жиі тап болатын өңірлер мен мемлекеттік органдар, сондай-ақ неғұрлым жемқор мемлекеттік лауазымдардың тізбесі, сыбайлас жемқорлық мәмілелерінің себептері мен мән-жайлары, пара сомалары анықталды.
Азаматтардың пікірінше, көбінесе мәселелерді Жамбыл, Атырау, Алматы, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, ал кәсіпкерлердің пікірлері бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында, Ақмола, Павлодар, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарында бейресми жолмен шешуге тура келген.
Бейресми өзара әрекеттесудің жарияланған жағдайларының үштен екісін құраған емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызметтер, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, ХҚКО, мемлекеттік балабақшалар мен жоғары оқу орындары неғұрлым жемқор мемлекеттік мекемелер болып белгіленді.
Азаматтардың ем алу немесе емделуге жолдама алу (12,7%), жұмысқа орналасу (10,1%), баланы балабақшаға орналастыру (6,1%), жер мәселесін шешу (6,5%), ХҚКО-дан анықтама алу (5,1%), сессияны "жабу" (4,4%), салық есебін тапсыру (9%), жол берілген бұзушылықтар бойынша жауапкершіліктен аулақ болу (8,4%) қажеттілігі негізгі себептер болды.
Респонденттердің сыбайлас жемқорлыққа тартылуына өтініштердің жиілігі емес, алушының қызметке қызығушылық дәрежесі әсер ететінін атап өткен жөн.
Респонденттер жағдайлардың жартысында мәселені бейресми шешудің бастамашылары мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ал әр төртіншіде -делдалдар екенін атап өтті. "Бір жыл ішінде сыбайлас жемқорлық мәмілелеріндегі делдалдардың үлесі 6%-ға өсті, мұны респонденттер карантин кезінде мемлекеттік мекемелердің жеткіліксіз ақпарат беруімен байланыстырды", - деп атап өтті О.Шиян.
Сауалнамаға қатысқандардың үштен екісі, егер қандай да бір мекеменің қызметкері пара алғысы келсе, онда ол әуре-сарсаңға салып, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланатынын атап өтті. Пара сомасы 1 000 – нан 300 000 теңгеге дейін өзгерді (2019 жылы-500-ден 500 000 теңгеге дейін).
"Ашық диалог" порталын талдау нәтижелері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының, ішкі істер, қаржы, денсаулық сақтау, әділет, еңбек және әлеуметтік қорғау, цифрлық даму министрлерінің, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының блогтарына сыбайлас жемқорлық туралы ақпаратты жиі жолдайтынын көрсетті. Өңірлік бөліністе шағымдар Алматы, Павлодар облыстары және Алматы қаласы әкімдерінің блог-платформаларына жиі түскен.
Өтініш берушілер полицияның, аудан әкімдіктерінің, мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың, салық органдары мен жеке сот орындаушыларының жұмыс сапасына наразылық білдірген. Өтініш берушілердің пікірінше, әуре-сарсаңға салу, мемлекеттік органдардың өтініш берушілердің мәселелерін қараудағы әрекетсіздігі, қызметкерлердің біліксіздігі және мемлекеттік дерекқорлардағы техникалық қателер мен қате мәліметтердің болуы - шағымдардың негізгі себептері болған.