Коронавирусқа қарсы вакциналардың әділетсіз таралуы салдарынан әлем моральдық апат алдында тұр, деп мәлімдеді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) басшысы Тедрос Адханом Гебрейссус, деп хабарлайды zakon.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
- Қазір вакцинаның алғашқы таратылуының нәтижесін көріп отырмыз. Оны әділ деп атауға болмайды. 39 миллион дозадан астам вакцина табысы жоғары 49 елге жөнелтілген. Табысы төмен бір елге 25 доза бұйырған. Яғни, 25 миллион емес, 25 мың емес, 25 дана ғана. Әлем моральдық апат алдында тұр, соның салдарынан ең кедей елдерде өмір сүретін адамдар құрбандыққа шалынуда, - дейді ол.
Вакциналарға тең қолжетімділікке деген үміт жойылып бара жатыр, - деді ДДҰ басшысы.
Гебрейзустың айтуынша, бай елдердегі жас және сау адамдар вакцинаны кедей елдердегі дәрігерлер мен қарт адамдарға қарағанда ерте алуда.
Блумбергтің хабарлауынша, АҚШ, Ұлыбритания және ЕО осы уақытқа дейін өз азаматтарын шамамен 24 миллион доза вакцинамен қамсыздандырды (әлемде жүргізілген вакциналардың жартысынан көбі), ал кейбір елдердің басым көпшілігінде вакцинация науқаны әлі басталған жоқ.