Кездесуде Мемлекет басшысына Агенттіктің 2020 жылы атқарған жұмыстарының негізгі қорытындылары туралы егжей-тегжейлі есеп берілді, деп хабарлайды zakon.kz.
Анар Жайылғанова ведомствоның мемлекеттік қызметке орналасу рәсімдерін жетілдіруге, саяси қызметті кәсібилендіруге, қызметкерлерді ынталандыруға және дамытуға, Президенттік жастар кадрлық резерві бойынша жүргізілетін жұмыстарға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің ұйымдастыру мәдениетін өзгертуге қатысты атқарған жұмыстарының нәтижелері жөнінде айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қызметті цифрландыру, оның ішінде, "Е-қызмет" жүйесінің интеграция аясын кеңейту және "i-Qyzmet" жүйесін әзірлеу барысы туралы баяндалды.
Қазақстан Президентіне ведомство жұмысын қайта ұйымдастыру жайында мәлімет берілді. Анар Жайылғанованың айтуынша, былтыр Агенттіктің штаты 10 пайызға қысқарған, ал биылғы ақпан айының соңына дейін тағы да 15 пайызға оңтайландырылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті жетілдіре түсу қажеттігі туралы атап өтіп, Агенттік төрағасына орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерді қысқарту үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар Президент Мемлекеттік басқару тұжырымдамасын әзірлеу және жүзеге асыру аясында ведомствоның жұмысын жандандыруға нұсқау берді.