Үміт өшті. Есті адамдар кетуге ыңғайлы мүмкіндікті үнсіз күтіп жүр

Көбі кеткенді жөн көреді және бұл шешімнің пайдасына өте көп аргумент келтіреді.

"Біреу Қазақстаннан кетіп жатыр дегенді естігенде, мені уайым басады", – деген еді бірде Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл енді өте қауіпті тақырыптың бірі. Ашық айту оңай емес. Бірақ бұл сұрақты былай қойсақ қайтеді: осы елде туғаным бақытым ба, қасіретім бе? (Өз басым сыпайылық сақтап, бұл сұрақты жауапсыз қалдырар едім).

Тағы бір сұрақ бар. Бұл елде әлі болашақ бар ма, әлде енді жақсылық болады деген үміт шынымен үзілді ме? Бұл жердегі үміт дегенім – басқа нәрсе емес, тек таза үміт. Әрі қарай ойланайын.

Бұл жерде менің балаларымның болашағы не болады? Олар өзі менен сұрамайды, "әке, ертең бұл елде менің болашағым не болады" деп. Үнсіз әзірге. Ұялатын шығар, бәлкім. Бәлкім, шет-жағасын өздері де білетін шығар, тек маған айтқысы келмеуі мүмкін. Әкеміздің жүйкесін жұқартып қайтеміз деп. Мен бұл елде өз отбасыммен бірге бақытты тіршілік кешемін деген тым батыл жоспарым жүзеге асар ма екен? (Кезінде бұл жоспарымды 1998 жылы менің қолыма кісен салған ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі Огай бұзған еді. Ол мені мүлікті тәркілеу мен сегіз жылға соттатамын деп уәде берген).

Теріс соқпақпен тым алысқа ұзап, енді артқа оралатын жолымыздан адасқан күйдеміз. "Үш күннен кейін тозаққа да үйренесің" дегендей, осы жағдайымызға да ептеп бой үйретіп алғандаймыз-ау. Сонда мен өзі, өз еліме керекпін бе, әлде бұл ел менсіз-ақ тірлігін жасай бере ме? Бірақ анау Гена Головкинсіз бұл елдің қиналатыны анық. Мендейлер емес, төреәлілер мен қайратнұртастар, олардың сансыз жанкүйерінсіз елге қиын болады екен. Мұның бәрі, әрине, тым күрделі сұрақтар. Әркімнің бұған өз жауабы табылар. Бірақ соңғы кезде түрлі ортада, екі түрлі тілде болса да, жиі қойылатын бір сұрақты жиі ести бастадым. Ол не сұрақ? Ол – Қазақстаннан қазірден-ақ кетсем бе екен, әлде әлі де күте тұрудың жөні бар ма деген сұрақ.

Көбі кеткенді жөн көреді және бұл шешімнің пайдасына өте көп аргумент келтіреді. Бұл бірақ баяғыдай шай үстінде, арақ-сыраны ортаға алып даурығатындардың әңгімесі емес. Бұл біртіндеп жүзеге асуы ойластырылып жатқан нақты есеп пен жоспар. Қазақ көбіне Америка, Канада, Австралия және Германия жаққа қарай тартқысы келеді.

Менің жастық шағымдағы совет заманында да иммиграция деген әрбір совет азаматының ең ұлы арманы еді. Бірақ ол заманда бұл өте қауіпті тәуекел болатын. Қазір бұл жай ғана қарапайым өмірлік жоспар болып қалды. Америка адамының арманы – бір жаңалық ашу, халыққа пайдалы бір іс жасап, штатта танылу. Қазақтың арманы – кез келген жолмен байып алып, Лондон сияқты бір жерге барып жайлы орын табу.

Жалпы, мұндай сұрақтың қойылуының өзі жауаптың жартысын беріп тұр ғой.

Шындығында, біз ұтылдық. Өз елімізді ұтысқа тігіп, ұтылып қалдық. Көпшіліктің көңіл күйі – чемоданын көтеріп, басқа елге көшу. Үміті ақталмаса, қайтеді енді? Әу бастағы өз мемлекетімен байланыстырған армандарының күлі көкке ұшты, енді көзі әбден жетіп, өз елінің болашағына сенуден мүлдем қалды. Өз дауысын енді тек аяғымен білдіріп жатыр, қысқасы. Бұл мемлекетпен енді байланысқысы жоқ. Олар енді жай ғана көшуге ыңғайлы мүмкіндікті, уақыт пен жағдайды ғана үнсіз күтіп жүр. Бірақ жаманы – көшу туралы шешімді ең алдымен ең ақылды адамдар, болашағынан үміт беретін жастар, іс білетін мамандар қабылдап жатыр. Сонда, бұл мемлекетке өзі қандай адамдар керек? Жарайды, көбі кетіп қалды дейік. Сосын, одан қалғандары да ақырындап көшіп кетер. Ал олардың босаған орнын кім басады?

Жаңа президент оралмандарды енді оралман демеңдер деген ұсыныс жасады. Әрине, қандас деген дұрыс. Әдемі естіледі құлаққа. Бірақ мәселе түк онда емес. Бір қандасың қашып жатса, екінші қандасың оның орнына келіп жатыр ғой, онсыз да. Одан бірдеңе ұтамыз ба? Жалпы, қандастан басқа, бөтен біреулер Қазақстанға қызығып, осында көшіп келер ме еді? Қазақстан – кімнің арманы? Жарайды, арманы деген артық шығар, біреудің өмірлік жоспары ма?

Қазақстаннан халық кетіп жатыр. Өздері білсін, ешкімді кінәлай алмаймын. Өзім де бұл елден бір рет қашқанмын. Қайтып келуіме тура келді. Тым қазақпай екенмін, өйткені. Қалсам да болар еді. Бірақ ол жақта маған қал деп жалынған ешкім болмады, тегін "гринкарт" бере салмады.

Менің ұққым келетіні – адамдар неге бұрынғыдай Отанын сүймейтін болды? Отан оларға не істеп қойды? Шынын айтсам, біздің еліміз – нашарлау ел. Оны құртып отырған – мемлекеттің өзі. Ел деген – біз, мемлекет деген – олар сияқты. Екеуміз бір-бірімізге сай емеспіз. Шалға тиген қыздаймыз. Алып қашып па, күштеп көндірген бе, бізден ешкім сұрамады. Таңдау болған емес бізде. Жүре сіңісіп, кейін сүйіп кетерміз дестік. Болмады. Ешқандай махаббат жоқ енді арада. Ол бізді жек көреді, жау көреді. Бірақ өмірде осындай неке ең берік болады деседі.

Әрине, анда-санда қашуды ойлайсың. Құжатыңды жиып, тыққан ақшаңды, балаңды алып, безіп кетейін дейсің. Бірақ қайда қашпақсың? Ол жақта сені кім күтіп отыр?

Ермек Тұрсынов

zhasalash.kz

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: