АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қытайды Шыңжаң аймағында ұйғырлар мен өзге де мұсылман топтарға “геноцид" жасады деп айыптады.
Помпео мәлімдемесінде миллионнан астам бейбіт тұрғынның бостандығын шектеу, қамау, күштеп стерилизация жасау, азаптау, жұмысқа жегу, діни көзқарасы мен пікір айту құқығын шектеу сияқты "адамзатқа қарсы қылмыстар" туралы жазылған, деп хабарлайды centralasian.org.
Геноцид әлі жалғасып жатыр деп санаймын және Қытай коммунистік партиясының тікелей бақылауымен ұйғырларды жоюға жүйелі түрде талпыныстар жасалып жатқанына куә болып отырмыз деді Помпео 19 қаңтарда.
Пекин Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап жүрген халықаралық қауымдастық сынына ашулы реакция танытып, айыптауларды терістеп келеді.
Помпео барлық халықаралық ұйымдар мен соттарды Қытайдың мұсылмандарды қудалауына шара қолдануға шақырып, Вашингтон Пекинге бұдан былай да қысым жасай береді деп сенім білдірген.
Джо Байден мемлекеттік хатшы ретінде тағайындайды деген Энтони Блинкен 19 қаңтар күнгі сенат талқылауында Қытайдың мұсылман топтарды қудалауын "геноцид" деп бағалаумен келісетінін айтты. Байден кампаниясы осыған дейін де ұйғырларды қудалауды "геноцид" ретінде сипаттаған.
БҰҰ Қытайдың Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды "экстремизммен күрес орталықтарына" қамағанын мәлімдеген. Бастапқыда мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын" орталықтар деп атаған. Құқық қорғаушылар мен лагерьде тұтқында болған адамдар орталықтарда қысым мен азаптау барын айтқан.
Құқық қорғаушылар сонымен бірге жүздеген мың адамның "еңбек лагерьлеріне" жабылғанына алаңдаған. АҚШ былтырдан бері Қытайдың Тайвань, Тибет, Гонконг, Оңтүстік Шығыс теңізіндегі әрекетіне байланысты Пекинге қысымын үдетіп, шенеуніктеріне санкция салумен келеді.