Саяси мемлекеттік қызметтегілер бір орында 8 жылдан артық отыруға болмайды деген заң бар. Себебі жемқорлыққа ұрынуы мүмкін. Бірақ біз айтып отырған мемлекеттік қызметшілер саяси тұлға болмаса да олардың әрекетінен келіп отырған салдар бар. Бастаған іс аяқсыз қалады, келесі келген маман да оны жырғатқаны шамалы. Президенттің өзі де ондайларға шегіртке айдар таққаны кеше ғана, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қызылордалық Жұмабек Әлиев 37 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Спорт мектебінде қарапайым жаттықтырушыдан еңбек жолын бастаған оның жыл өте жұмысы да өзгеріп отырған. Аудандық білім бөлімінде маман, мектеп директоры, әкім орынбасары, қалалық мәдениет бөлімінің басшысы сияқты қызметтерді атқарыпты.
Жұмабек Әлиев, Ақжарма ауылдық округінің әкімі:
Әр саланың өзінің қиыншылығы болады. Ол салаға барғасын оны зерттеп, біліп оны дайындалмасаң, оны басқарып кету оңай емес. Қарамағындағы адамдардан артық білмесең ол болмайды. Әр жұмысты бастау үшін оны білуің керек, зерттеуің керк. Әр саланың білікті мамандары болады. Сол адамдармен тәжірие алмасып, өзің басқарған саланы алға қарай жылжыту керек.
Мемлекеттік қызметтің жілігін шағып майын ішкен адамдардың ұстанымы осылай болуы тиіс. Мамандар қуаттайды бұны. Психологтардың айтуынша, өз ісіне шынымен жаны ашитын адам, жұмыстан кейін қалып, құрығанда екі сағат жаңа қызметтің қыр- сырын меңгеріп, өзін- өзі дамытып отырмаса болмайды.
Айтпағымызды қарапайым мысалмен түсіндірейік. Химия пәнінің мұғалімі- ұзақ уақыт пробиркалар мен химилық реакциялардың ортасындағы әлемде өмір сүрді делік. Бір сәтте оны физик қылды. Енді ол механика мен термодинамика заңдарына үңілуі тиіс. Бұл ілімді ол қанша уақытта меңгере алады? Психологтардың айтуынша, адамға жаңа ортаға үйрену үшін жас ерекшелігіне қарай кем дегенде 1-2 айдан жарты жылға дейін уақыт керек екен. Ал химиктің мұрнына физиканың иісі бару үшін, терең білім деп айтпай-ақ қояйық, ең азы 1-1,5 жыл уақыт қажет.
Міне мектеп дәрежесіндегі қарапайым мысалдан ақ бағамдауға болады. Енді мемлекеттік деңгейде зерттеп көрейік. Қазір елімізде 100 мыңға жуық мемқызметкер бар. Оның әрбір үшіншісі отызға толмаған екен. Орташа айлықтары 100 мыңның о жақ бұ жағы. Мұндай жалақыға Елорда тұрмақ, облыс орталығында да өмір сүре алмайсың. Айлығы сәл жоғары болса көп отырмай басқа салаға ауысып кете беретіні де осыдан болса керек. Бұған лауазым мен амбицияны қосыңыз. Шен алмаған соң құр отырғаннан не қайыр!- деп кететіндер баршылық.
Ернияз Дархан, жеке кәсіпкер:
Кейбір жағдайдайлар болады. Бір жас маман өз орнында 4 жыл бойы отырады. Өзінің дәлдеген қызметі болады. Бөлім басшысына ауысқысы келеді. Кейбір кезде одан да жас маман келіп, соны бөлім басшысы қылып отырғызып қоятын болады. Өсу қиын, жұмысы да қиын.
Тамыр таныстықпен келген басшы өзі ғана емес, нөкерлерін ерте келмей ме?! Олардың бәріне қызмет керек. Ендеше, саланың иісі мұрнына бармайтын жаңа бастық бұрыннан еңбек етіп келе жатқан білікті мамандарды шеттете бастайды. Ал команда боп топырлап келудің бір себебі мынада екен.
Ержан Мырзабаев, психолог:
Ол ұсынысты жіберіп алмау , мүмкіндікті жіберіп алмау, пайдам тиеді, қатырам жаңалық енгізем деген ой емес. Маған осы жерге қарағанда мүмкіндігі көп, жалақысы көп. Ұсынып тұрған кезде мен барайын. Және тағы бір аспект командамен ауысу дәстүрі. Олардан қалып қойсам мен өсе алмаймын, жұмыс істей алмай қаламын . Командаға тәуелді болып қалу психологиялық тәуелділік болып табылады.
Білікті маман болмаса, жаңа қызметте не бастық, не команда жұмыс істеп жарытпайды. Бұл бірінші кезекте экономиканың сол саласына кері әсер етеді дейді «Басқару психологиясы» атты кітаптың авторы. Ғалымжан Керімбек. Айтуынша мұндай жағдайларды көп зерттепті.
Ғалымжан Керімбек, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
Біз нарықтық экономикаға енді көштік. Бізде қызметтік өсудің осындай нұсқасы екен деп, ана жерде бір жұмыс істеп, мына жерде бір жұмыс істеп, басшылық орындарға келіп жатыр. Бұл мемлекет үшін өте зиян нәрсе. Ол экономикалық жағынан тиімсіз. Мысалы, мен білім беру саласында алты ай жұмыс істеймін де, мәдениет саласына ауысып кетемін. Ешқандай нәрсе меңгермеймін. Менің кітапшамда ана салада, мына салада жұмыс істеді деп жазылады. Алайда маман ретінде мен қалыптаса алмаймын.
Соңғы жылдарда мемлекеттік аппараттарда 500 ден астам түрлі өзгерістер болыпты. Қысқартулар мен қайта құрулар сол жердегі білікті мамандардың өзге салаға кетуімен тынған.
Мына қызықты қараңыз, осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік қызметке баруға құлықсыз жұрттың райы өзгерген. Қазір галстук тағып, портфель ұстауға құлшынып жүргендер саны 30 мыңнан асыпты. Айта кету керек, дамыған елдермен салыстырғанда бізде шенеуніктер саны тым көп. Мәселен Швейцарияда небәрі 7, Канадада 27 , Жапонияда 17 адам ғана қызмет ететін министрліктер бар. Бізде бір ведомствода жүздеген адам жұмыс істейді. Облыстар өз алдына. Мемлекеттік қызметтегі жұмыстың сапасы мен тиімділігі санға байланысты еместігін осыдан аңдаймыз. Айтпақшы бізде мемқызметшілердің санын 25 пайызға қысқартып, айлықтарын көтеру мәселесі қолға алынған. Жүйелі мәселені шешудің басы бәлкім осы шығар.