Әлеуметтік желіде медициналық маска таққан адамның арнайы аспаппен СО2 деңгейін өлшегені туралы видео көптеп бөлісуде, деп хабарлайды zakon.kz.
Stopfake.kzсайтының мәліметі бойынша, онда өлшеу нәтижелері зиянды газ концентрациясының денсаулыққа қауіпті екенін көрсетеді.
Сарапшылар мұның жалған екенін айтады.
Қазақстандықтар талқылап жүрген тәжірибе – америкалық өрт сөндіруші әрі блогер Джефф Нефф түсірген сенсациялық роликтің көшірмесі. Түпнұсқа видеоны фактчекерлер де, дәрігерлер де бірнеше рет жоққа шығарған болатын.
Видеода көрсетілген өлшеулерді дұрыс деп санауға болмайды, өйткені олар дем шығару кезінде тікелей маска астында жасалады.
Құрылғы шығарылған ауадағы көмірқышқыл газының құрамын көрсетеді. Бұл медициналық маска таққан адамның дем шығаруы мен дем алуы бірдей болады деген сөз емес. Көмірқышқыл газдың бөлшектері маска тініне еркін өтетіндей тым кішкентай. Қорғаныс құралы сілекей мен ылғал бөлшектерімен ауа арқылы берілетін аэрозоль бөлшектерін ғана ұстайды.
Қазақстандықтарды алаңдатқан видео – америкалық блогердің ғылымға қарсы тәжірибесін қайталау әрекеті. Бұл алғаш жасалып отырған жоқ. Мұндай видеолар желіде ұдайы жарияланып отырады және әрдайым мамандар оларды жоққа шығарады. Интернетте медициналық мамандар түсірген видеолар көп, олар маска тағудың оттегі жеткіліксіздігіне және көмірқышқыл газымен улануға әкелмейтінін көрсетеді.