Көпшілік латын әліпбиін талқылап жатыр. Бірақ мен әліпбидің кезекті үлгісі жайлы емес, жалпы осы процесс жайлы бір ауыз сөз айтқым келеді, дейді желіде Асхат Қасенғали.
Менің ойымша билік "латын әліпбиі қазақ тілді ортаға арналған, ал орыс тілді орта кириллицаны қолдануына болады" деу арқылы үлкен тарихи қателік жасауда. Тарихи қателік. Қазір біз түрлі тұтастығымызға кері әрекет жасаушы (сепаратистер) мен шовинистердің "орыс тілін мемлекеттік тіл етейік, бір елде екі мемлекеттік тіл бола береді" деп ұсыныс тастап, мысал ретінде кей Еуропа елдерін айтып жатқанын көріп жүрміз. Ертең біз бір елде екі алфавит болуына рұқсат етсек, олардың ұсыныстарын қуаттағанмен, мойындағанмен бірдей болмай ма? Жалпы есі дұрыс елде екі алфавит бола ма? Менің ойымша ЖОҚ!
Биліктің неге олай жасап отырғанын жақсы түсінемін.
"Біздің елімізде еркіндік бар", "орыс тілді ортаға қысым жасалмайды", бла-бла-бла...Бұл ақталуларды, екі алфавит болуына қарсы еместер дипломатияның шыңы мен дұрыс бағыт ретінде сипаттап жатыр. Ал шындығына келсек бұл Ресейден жасқану, саяси шешім қабылдау сәтінде тәуекелге бара алмау мен нақты қадам жасаудан секемдену. Өз басым солай ойлаймын. "Орыс әлемі" атты ресейлік арандатушылар ойлап тапқан қорқыту әдісінен шошу да болуы мүмкін. Украинадағы сценарий қайталанып кете ма деп қорқуы да мүмкін. Бір себеп тауып, солтүстікке ихтамнеттер кіруі де ғажап емес деп ойлайтын болар. Әрине, ол қауіптерді жоққа шығармаймын. Кириллицаны алып тастауды Мәскеу басты себеп деп табатыны да анық. Соловьев пен Жириновскийдің шамамен не оттайтынын да сезіп отырмын. Бірақ Ресей агрессиясы мен сепаратизмнің пайда болуынан бөлек, одан да ауқымды мәселе бар ғой. Ол қазақстандық қоғамның екіге жарылуы. Сорақысы сол, бөліністі өзіміз екі алфавитке рұқсат ету арқылы заңдық негізде орнатып беруіміз болмақ.
Қазірдің өзінде қоғамда таза қазақ тілді орта мен таза орыс тілді орта бар.
Олардың саны бірнеше миллион (бұл аралыққа қазақ+орыс тілді ортаны қоспадым). Міне, осы екі орта бір-бірінің жандүниесін түсінбейді. Біреуі жерді сақтау, мәдениет, тіл, тарих, руханият үшін күресіп жатса, екіншісі басқа мәселелермен күресіп әлек. Оларды толғандыратын мәселелердің өзі бөлек. Бір-бірін естімейді, мойындамайды. Ең қауіптісі де осы деп ойлаймын. Ертең екі алфавитті қолдануға рұқсат етсе, қазақ тілді орта латынмен, орыс тілді орта кириллицамен жазып, бұл бөлініс арта береді. Екі әлем орнайды (қазірдің өзінде бар). Мемлекеттің ішінде, қоғамда тұтастық азаяды. Ол онсыз да аз.
Бір ел - бір алфавит болуы тиіс! "Қазақ тілдіге латын әліпбиі, орыс тілдіге кириллица" дегенді мүлде қолдамаймын. Көшсек тұтас көшейік. Латын әліпбиі болсын. Бұл тіл ауыстыру емес қой, бұл бар болғаны алфавит ауыстыру. Ешкім орыс тіліне тыйым салып жатқан жоқ. Сондықтан ерік-жігерді жиып, 18,5 млн халық бірдей қолданатын латын әліпбиін енгізу керек. Құжаттар, заңдар, барлық қағаз сол әліпбиде болсын. Ұлттық мүдде мен қоғамдық тұтастық үшін.
Біз унитарлы елміз, Ресей сынды федерация болсақ түсінер ем. Құрамында ондаған республика бар Ресейдің өзі тек кириллицамен отыр. Құрамында мәдени автономия атымен жоқ, унитарлы Қазақстан да солай етсін. Бір алфавит қана болсын. Мүмкін пікір қате шығар, бірақ осыған алаңдаймын, дейді пост авторы.