ҰҚШҰ Біріккен штабы базасында Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдары мен құралымдарын бірлесіп даярлаудың 2022 жылға арналған жоспары бойынша кеңес өтті. Тараптар ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын даярлау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды zakon.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шара ҰҚШҰ Біріккен штабы бастығының міндетін уақытша атқарушы генерал-майор Сергей Куприктің басшылығымен Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстанның мүдделі министрліктері мен ведомстволары, Хатшылық және Біріккен штаб өкілдерінің қатысуымен өткізілді. Қазақстанның Қарулы Күштерінен ҚР ҚК Бас штабы Стратегиялық жоспарлау департаментінің бастығы генерал-майор Марат Аймашев қатысты.
Бейне конференция байланысы режимінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын басқару органдары мен құралымдарын бірлесіп даярлаудың 2022 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды.
Кеңес барысында ҰҚШҰ-ға мүше елдердің мүдделі министрліктері мен ведомстволары өкілдерінің ұсыныстарын ескере отырып, барлау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету күштері мен құралдарымен, жедел ден қою ұжымдық күштерімен, ұжымдық әуе күштерімен, ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерімен, сондай-ақ Орталық Азия өңірінің жедел өрістету ұжымдық күштерімен өткізілетін командалық-штабтық, арнайы және бірлескен оқу-жаттығулар талқыланды.
Дағдарыстық ден қою орталығының жедел құрамының және онымен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті ұлттық органдардың жаттығуларын, әскери кадрларды бірлесіп даярлау іс-шараларын және халықаралық әскери ынтымақтастықты өткізу мәселесі кеңес шеңберінде талқыланды.